Кездесу ашық пікірталас форматында өтті. Министр өз сөзінде Қазақстанның көміртегі бейтараптығына көшуінің негізгі бағыттарын айтты.

Министр атап өткендей, халықаралық серіктестермен және түрлі стейкхолдерлермен нақты жұмыс жүргізілді, барлық мүдделі тараптардың пікірлері ескеріледі.

«Біз әлемдегі ең озық тәжірибелерді қолдануға тырыстық. Жақын арада ешкім көміртегі бейтараптығына толық қол жеткізе алмайтыны анық. Сондықтан біз біртіндеп өту жолын таңдадық. Біз мыңдаған адамдардың жұмыс орындарынан айырылуына, ал кейбір қалаларда кәсіпорындардың жабылуына жол бере алмаймыз», - деді министр.

Оның айтуынша, болашақта Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу Стратегиясы жаңа технологиялық шешімдерді ескере отырып түзетілуі мүмкін. Негізгі принциптер өзгеріссіз қалады. Олар - жүйелілік, тепе-теңдік, мақсаттарға жету.

«Қазірдің өзінде Қазақстанда энергетика саласына инвестициялар белсенді тартылуда. Болашақта бізде сутегі энергиясын өндіретін зауыт салынады, бұл заманауи технологиялар. Сондай-ақ декарбонизация жолында атом энергиясы мен газды да ұмытпауымыз керек. Бұл да транзиттік көздері болып саналады», - деп толықтырды Ә.Қуантыров.

Бүгінгі таңда Үкіметтің осы бағыттағы негізгі саясаты ҚР Президенті жариялаған «Тарифті ивестицияға айырбастау» бағдарламасы болып табылады. Мысалы, коммуналдық кәсіпорындарда өндірістерді жаңғырту, жылу электр станцияларын көмірден газға көшіру. Бұл жұмыс әлеуметтік және экономикалық аспектілерді ескере отырып, біртіндеп жүргізілетін болады.

«Климаттық күн тәртібін дамыту ісінде біз бірге болуымыз керек. Бұл біздің елімізге ғана қатысты емес, өйткені экология мәселесінде географиялық және саяси шекаралар жоқ. Сондықтан бүкіл жаһандық қоғам мен әр елдегі жұртшылық үйлесімді әрекет етуі тиіс», - деп қорытындылады Ұлттық экономика министрлігінің басшысы.

Сондай-ақ, ол ҚР-дың Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлетінін еске салды. Биыл Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы алаңында ТДМ іске асыру бойынша екінші Ерікті ұлттық шолуды таныстырды. Құжат негізгі жетістіктерді, сын-қатерлер мен туындайтын проблемаларды қамтиды.