«Дәл осы уақытқа азаматтардың сайлау құқықтарын бұзу фактілері және қандай да бір құқыққа қайшы әрекеттер тіркелмеген. Сондай-ақ дауыс беру басталған сәттен прокуратура органдарына сайлауға қатысты өтініштер түскен жоқ. Дегенмен, әлеуметтік желілерде жекелеген пайдаланушылар сайлау учаскелеріндегі бұзушылықтар орын алды деп ақпарат таратуда, бірақ тексеру барысында олар расталмауда. Осыны ескере отырып, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске саламын. Прокуратура органдары сайлау процесі заңдылығының сақталуын жоғары қадағалауды жалғастырады»,- деді спикер.  


ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұраталиевтің айтуынша, сайлаудың жарты күнінде елімізде қауіпсіздік тұрақты. Ішкі істер органдарының барлық жеке құрамы республика өңірлерінде қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуде.  

«Полицияның жедел басқару орталықтарының бейнебақылау камералары арқылы көше мен дауыс беру орындары жіті бақылануда. ІІМ тарапынан саяси доданың тиісті деңгейде өтуі үшін барлық қауіпсіздік шаралары қабылданды», - деді ведомство өкілі.