Ведомство басшысы «Жаңа геосаяси жағдайдағы Қазақстанның көлік жүйесі» тақырыбына арналған параллель сессиясында көпшілік алдында еліміздің аталған бағытта ұстанған саясатын жеткізіп, онда осы аймақ пен Еуропа елдері арасындағы транзиттік ағындарды қамтамасыз ететін Орта және Оңтүстік дәліздерді дамытуға байланысты қолға алынған жұмыстарды айтып берді.

Сондай-ақ конференцияға қатысушылар Қазақстанның жүк тасымалындағы көрсеткіштері және министрлік жоспарлаған 2025 жылға дейінгі жобалар туралы мәліметке қанықты. Оның ішінде Ақтау портында контейнерлік хаб құру, Достық-Мойынты учаскесінде екінші теміржол мен Алматы стансасында айналма теміржол желісін салу, сауда флотын кеңейту, сондай-ақ жүк транзитінің көлемін жылына 10 млн тоннаға дейін ұлғайту бойынша перспективаларымен танысты.

Соңында министр жүктерді тасымалдауда «өтпелі» тарифтік мөлшерлемені қарастыратын «Жасыл дәлізді» құрып, жүк тасымалы құжат айналымында «жіксіз» алмасуды жолға қоюды, сонымен бірге халықаралық нарықтарға шығуға мүмкіндік беретін «Цифрлы көлік дәлізін қалыптастыруды ұсынды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің айтуынша, аталған ұсыныстар Еуропалық одақ пен Орталық Азия елдері арасындағы алыс-берісті тұрақты және қауіпсіз іске асыруға жол ашады.