Кезектен тыс сайлаудың қорытындыларын шығару мақсатында 2022 жылдың 21 қарашасында ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты «Президент сайлауының нәтижесі: жаңа көзқарас, жаңа міндет» тақырыбында «КИСИ GPS» ұлттық сараптамалық алаңының кезекті отырысын өткізді.

Кездесу барысында белгілі қазақстандық және шетелдік сарапшылар сайлау қорытындысы мен саяси дискурсты одан әрі дамытуға арналған болжамдарын ортаға салды.

«КИСИ GPS» отырысын аша отырып, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина сайлау науқаны демократиялық нормаларға сәйкес өткенін атап өтті. «Референдумнан кейін жаңа президенттік мандаттың өкілеттігі айтарлықтай қысқартылды. Тиісті өзгертулер болашақта биліктің монополиялануына жол бермеу мақсатында қабылданды. Бір айта кетерлігі, бүгінде Қазақстан азаматтарының белсенділігі өте жоғары деңгейде. Ел басшылығының әрбір әрекеті қоғамның жіті бақылауында. Мұндай жағдайда популизмге ешқандай қолдау көрсетілмейтіні анық. Сайлау қорытындысы қоғамда әділдікке, бәсекелестікке және нақты нәтижелерге қол жеткізуге сұраныстың айқын екенін көрсетті», – деді Алуа Жолдыбалина.

Жиынға қатысқан «Amanat» партиясы Қоғамдық саясат институтының директоры Мәдина Нұрғалиева еxit-poll нәтижелері Қ.Тоқаевты қолдаудың жоғары деңгейін көрсеткенін мәлімдеді. Бұл қазақстандықтардың дауыс беруге саналы жауапкершілікпен қарайтыны туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді. «Біздің институт алғаш рет exit-poll жүргізді. Қазақстанда сайлау күнгі сайлауалды сауалнамалар 1999 жылдан бері өткізіліп келеді. Бірде-бір президент немесе парламент сайлауы экзитполлсыз өтпейтіні дәстүрге айналған. Бұл біздің институт үшін алғашқы тәжірибе болды. Сауалнама барлық аймақтардағы 600 сайлау учаскесінде, яғни 74 қала мен 242 ауылда өтті. 620 интервьюерлер мен супервайзер жұмылдырылды. Сауалнамаға 70 мыңнан астам адам қатысты. Респонденттерді іріктеу үшін қала бойынша 5-қадам қағидасы, яғни әрбір бесінші адам сұхбат берді. Ал ауылда 3-қадам қағидасы қолданылды. Интервьюерлердің геолокациясын жазуға және сауалнама барысын бақылауға мүмкіндік беретін e-socis мобильді қосымшасы қолданылды. Деректер белсенділіктің шыңын, дауыс беру ерекшеліктерін көруге мүмкіндік берді», – деді ол.

New Lines стратегия және саясат институтының аналитикалық даму бойынша директоры (АҚШ) Камран Бохари мырза кешегі сайлаудың әділ өткенін айтты. «Қазақстандықтарды айтулы оқиға - кезектен тыс президенттік сайлаумен құттықтағым келіп тұр. Өткен сайлаудың нәтижесін ел үшін оң нәтиже деп атауға болады. Бұл посткеңестік кезеңнен қазіргі заманға дейін мемлекеттің қалыптасуы мен трансформациясының маңызды кезеңі. Қазақстан саяси өмірін жаңадан бастайды. Барлық партиялардың саяси кеңістікте маңызды рөл атқаруына мүмкіндік бар. Келешекте Қазақстанның барлық топтары үшін саясатта орын көп.

Біз 40-тан астам сайлау учаскелерінен ақпарат алып, сайлаушылардың дауыс беруді парыз санайтынын және өз елінің саяси өміріндегі рөлін мақтан ететінін байқадық. Халық Қазақстанның тұрақтылығын, тыныштығын және одан әрі дамуын қалайды.

Демократия - ұмтылатын меже. Бірақ Қазақстан үшін соңғы инстанция ретіндегі демократия емес, жалпы демократияландыру үдерісі маңызды. Біз елдің осы бағытта жасап жатқан қадамдарын бағалауымыз керек», – деді спикер.

Қоғамдық-саяси хабарлар дирекциясының директоры (РФ) Леонид Млечиннің пікірінше, Қазақстан саналы және прагматикалық саясаткердің сайлауда жеңіске жететінін және жеңіске жетуі керек екенін көрсетеді. «Сайлауды әлемде болып жатқан процестер контекстінде қарастыру керек. Бұл жерде ең алдымен популизмнің өсуі туралы айтылуда. Қ.К.Тоқаев, менің ойымша, өзінің саяси әрекеті, ұстанымы және көзқарасы бойынша популизмнен алыс адам. Ол жүзеге асыра алмайтынын уәде етпейді».

Этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиевтің пайымдауынша,  сайлаушылардың жоғары қатысуының бір факторы – «барлығына қарсы» деген бағанның пайда болуы. «Қаңтар оқиғасының факторы да әсер етті деп ойлаймын. Себебі оның қайталануын қазақстандықтардың ешқайсысы да қаламайды. Қ.Тоқаевқа 81-82 пайыз дауыс беру, әрине, қазақстандықтардың болашаққа деген үлкен сенім артуы. Бұл өте жоғары жауапкершілік. Өйткені біздің алдымызда экономика мен банк жүйесін монополиясыздандыру, мемлекеттік басқару жүйесін реформалау, жәрдемақыларды бөлу жүйесі, жаңа жұмыс орындарын ашу сияқты үлкен мәселелер тұр», – деді ол.

Wikistrat Global Consultancy Қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі сарапшысы (АҚШ) Ричард Вайц қазақстандықтардың сайлауға үлкен жауапкершілікпен қарағандарына тәнті болғанын айтты. «Халық дауыс беруді өзінің парызы деп санады. Айта кету керек, ұйымдастыру жұмыстары жақсы жүргізілді, тетіктері пысықталған, бәрі ойластырылған. Маған сайлаудың қалай өткенін көрсетті», – деп бөлісті сарапшы.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Электоралдық оқыту орталығының басшысы Жанар Бұқанованың айтуынша, қатысушылардың кәсібилігі мен дайындығы сайлаудың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. «Сайлауда қол жеткізген жақсы нәтижелер тек сайлаушылардың қатысуында ғана емес. Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың ашық және халықаралық қағидаттарға сай өтуі үшін үлкен жұмыс атқарды. Сайлау науқаны барысында Орталық сайлау комиссиясы және біздің электоралды білім беру орталығымыз сайлау процесіне қатысушыларға, яғни БАҚ өкілдеріне, мемлекеттік қызметшілерге, жастарға және басқа да қатысушыларға тренингтер өткізді. Барлығы 7 мыңнан астам адам оқытылды қатысушылардың кәсібилігі мен дайындығы сайлаудың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», – деді Жанар Бұқанова.

Ресей ғылым академиясының Қытай және қазіргі Азия институтының ғылыми қызметкері  Александра Перминованың пікірінше, сайлауға қатысу – қазақстандықтардың саналы таңдауы. «Әріптестерімізбен 11 сайлау учаскесін араладық. Бұл жолғы бақылау жұмыстары өткен жолғы сайлауда Мәскеудегі қазақстандықтардың сайлау учаскесінде дауыс берген кездегі байқағанымызбен сәйкес келеді. Дәлірек айтсақ, сайлаушылардың жоғары белсенділігі. Өз кезегінде, қазіргі Президентке көрсетілген қолдау – референдумда қабылданған реформаларды қолдаудың заңды жалғасы. Ал сайлауға қатысу – қазақстандықтардың саналы таңдауы. Қазақстан эволюциялық бағытта дамуда. Бұл саяси жүйенің бірқалыпты және тұрақты дамуын білдіреді. Эволюциялық өзгерістер тек сайлауға ғана емес, саяси жүйедегі басқа да өзгерістерге әсер етті. Парламенттік жүйе жұмысында плюрализмнің қалыптасып келе жатқанын байқаймыз. Жалпы, Қазақстандағы трансформация ішкі және сыртқы оқиғаларға әсер етіп, бірқалыпты жүріп жатыр. Біз сыртқы бақылаушылар ретінде өзгерістерді бақылауды жалғастырамыз», – деп түйіндеді сарапшы.