Комиссия шахтадағы авария Д6 аса қауіпті шығарылатын қабатын ашу кезінде бұрын бұрғыланған дренаждық ұңғымалардан газдар мен көмір шаңының көп мөлшерінің шығуына байланысты, кенеттен газдинамикалық құбылыс салдарынан орын алды деген қорытындыға келді.

Тұтануға әкелген негізгі себеп бұрғылау станогындағы №79 пикет ауданындағы металл бекіткіштер элементтерінен бұрғылау штангасының үйкелісі нәтижесінде ұшқынның пайда болуы, сонымен қатар көмір департаментінің және тікелей шахтаның инженерлік-техникалық персоналы тарапынан тиісті бақылау жұмыстарының сапасыздығынан, осындай апатты жағдайларға әкеп соқты.

Комиссияның жұмысы барысында нормативтік құжаттарға сәйкес еместігі анықталды, атап айтқанда төгінді қаупі бар учаске болжау қызметінің штаты тау-кен шеберлерімен жасақталмаған (іс жүзінде 13 адам болған, есеп бойынша 25 адам болуы тиіс). Бұл ұңғымаларды бұрғылау кезінде тиімді бақылау жүргізуге мүмкіндік бермеді. Сонымен қатар, учаскенің газды қорғау қызметінің штатында жерасты слесарлары толық жасақталмаған  (16/25). Бұл газды қорғау датчиктеріне қызмет көрсетуді сапалы бақылауға мүмкіндік бермеді.

Сондай-ақ, ұңғымаларды бұрғылау шаңды басуды қолданбай жүргізілгені анықталды, бұл тез тұтанатын көмір шаңының көп жиналуына әкелді. Сонымен қатар, тау жыныстарындағы бұрғылау станоктарының нақты орналасуы электрмен жабдықтау схемасы мен ұңғымаларды бұрғылау паспорттары бойынша орналасу реттілігіне сәйкес келмеді. Оның салдарынан  метанды өңдеу кезіндегі бақылау  қанағаттанарлықсыз болды.

Мемлекеттік үкіметтік комиссия жұмыс берушінің кінәсінің 100%, қызметкерлердің кінәсі 0% екенін анықтады. Жұмыс барысында комиссия ҚР еңбек заңнамасын, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді бұзуға жол берген жауапты тұлғалар тобын айқындады. Аварияны тергеу жөніндегі материалдар процестік шешімді одан әрі қабылдау үшін қадағалау  және құқық қорғау органдарына берілетін болады.

Естеріңізге сала кетейік, 3 қарашада Шахтинск қаласында «Арселор Миттал Теміртау» АҚ ӘҚ Ленин атындағы шахтасында кенеттен газ бөлінген болатын. Авариялық учаскеде болған бес адам қаза тапты. Төрт қызметкер әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды.