Республикалық маңызы бар жолдар оның ведомствосының қарамағында.
Мемлекеттік тапсырма шеңберінде дамыту және күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды Ұлттық оператор «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы жүзеге асырады.
Облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды, сондай-ақ көше-жол желісі жергілікті атқарушы органдардың қарауында. Яғни жергілікті желіні дамыту, жөндеу және күтіп ұстауды ЖАО жүзеге асырады.
Осы жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары жалпы пайдаланымдағы 11 мың шақырымнан астам автожолда жүргізілуде.
«Республикалық желі бойынша 4 мың шақырымда құрылыс және реконструкция жұмыстары жүргізілуде, соның 1,2 мың шақырымын аяқтаймыз. Күрделі және орташа жөндеумен шамамен 3 мың шақырым жол қамтылды, соның 900 шақырымына жуығында аяқталады. Жергілікті автожолдар желісінде жөндеудің барлық түрлерімен 4,6 мың шақырым жол қамтылған, соның 2,6 мың шақырымы аяқталады. Жыл қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 91%-ға және жергілікті желі бойынша 85% ға дейін жеткізілетін болады. Реконструкциялау бойынша жұмыстар 17 жобада жүргізілуде, олардың аясында 2024 жылға дейін іске асыру мерзімімен 4 мың шақырым жол қамтылмақ», - деді спикер.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл ұзындығы 72 шақырым болатын «Подстепное – Федоровка» автожолының екі учаскесін реконструкциялау басталды. Қалған 2 учаскеде қаражат тарту есебінен қаржыландыру мәселесі пысықталуда. Сондай-ақ биыл Қызылорда облысының аумағы бойынша (218 км) «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңарту басталды, Ұлытау облысының аумағындағы қалған учаскелер бойынша мердігерлік ұйымды анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізілуде, сондай-ақ жекелеген учаскелерде ЖСҚ әзірлеу жұмыстары аяқталуда.