«Қойылған міндетті іске асыру мақсатында ЖАО 2025 жылға дейін кемінде 14 мың шақырым жергілікті жолдың құрылысы мен жөндеуін қамтамасыз етуі тиіс. Осы жылдың қорытындысы бойынша жергілікті желі автожолдарының нормативтік жағдайдағы үлесін 85%-ға дейін жеткізу көзделген. 2022 жылы жергілікті маңызы бар жолдарды салуға және реконструкциялауға шамамен 372 млрд теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталған. Жолды жайластыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, жергілікті желінің жол жобаларын қаржыландыру тепе-тең негізде, яғни республикалық бюджеттен 50%, жергілікті бюджеттен 50% жүзеге асырылады. Жол-жөндеу жұмыстарының сапасына және автожолдардың бүгінгі жай-күйін диагностикалауға баса ден қойылуда», - деді спикер.   


Республикалық жолдар бойынша атқарылған жұмыстар мен материалдардың сапасына жасалған сараптама республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады және бүкіл желіні толықтай қамтиды.  
Бұдан бөлек, бүгінде ЖАО-мен жергілікті маңызы бар жолдар, сондай-ақ елді мекен көшелерін сараптамамен қамту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.