Жетісу облыстық мәслихатының сессиясында Облыстың 2025 жылға дейінгі даму жоспары талқыланып, бекітілді.

Облыстың даму жоспарын толық іске асыру барысында 2025 жылға қарай жалпы өңірлік өнім 1,7 трлн теңгеден асады. 

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметіне қарағанда, стратегиялық даму жоспарында еліміздің 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында белгіленген жалпыұлттық басымдықтар мен міндеттер, сол сияқты 10 Ұлттық жоба іс-шаралары мен көрсеткіштері қамтылған. Әр бағыт бойынша мақсаттар мен индикаторлар белгіленген. Мұндағы барлығы 13 мақсат пен 123 мақсаттты индикатор қолданыстағы ұлттық жобаларға өзгерістер енгізілуіне қарай жандана түседі деп межеленіп отыр.

Басқарманың хабарлауынша, барлық мақсатты индикаторларда облыстың мүмкіндіктері мен перспективалары өзара үйлестірілген, қазіргі кезде алдағы мақсатқа жету жолдары мен оған қажетті ресурстар есептелуде.

Жалпы Жетісу облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарын толық іске асыру барысында 2025 жылға қарай жалпы өңірлік өнім 1,7 трлн теңгеден асады. Өңдеу өнеркәсібінде облыстың аудан, қалаларында 30 жедел және инвестициялық жоба және «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағында 24 жоба жүзеге асырылады.   

Жыл сайынғы мемлекеттік қолдаулардың арқасында Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоспары шеңберінде 220-дан астам жобаны қаржыландыру жоспарланған, соның ішінде 108 жоба субсидияланады, 88 жоба бойынша кепілдік беріліп, 25 жобаға грант беріледі.

Басымдық берілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы кеңейтіледі, сөйтіп 2025 жылға қарай қант қызылшасы алқабының көлемі 12,2 мың гектарға дейін жеткізіледі, сатып алынатын ауыл шаруашылығы техникаларының саны 600-ден асады деп жоспарлануда.   

16 мың га суармалы жер айналымға енгізіліп, 30 мың гектардан астамы қайта қалпына келтіріледі.

4 жылда 1,2 млн шаршы метр тұрғын үй, 827,6 км  инженерлік инфрақұрылым желілері салынады.

Туризм саласында Туристендіру картасына енгізілген аумақтардағы жобаларды іске асыру көзделіп отыр. Олар – Алакөл, Балқаш жағалаулары, «Алтынемел», «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи парктері, Жоңғар Алатауының етегінде орналасқан Текелі тауы.

Жалпы 2025 жылға дейін туризм саласына 79,1 млрд теңге инвестиция тартылып, туристер легі 2,4 млн адамнан асады деп межеленуде.

Денсаулық сақтау саласында облыс көлемінде 15 дәрігерлік амбулатория, 39 фельдшерлік-акушерлік және 5 медициналық пункт салынады, алғашқы медициналық санитарлық көмек құрал-жабдықтарымен қамту 2025 жылға қарай 100% жетеді. Халықтың өмір сүруінің орташа ұзақтығы 75 жастан асуы тиіс.

Білім беруде оқушы орындарының жетіспеушілігін болдырмау және бейімделген мектептер санын азайту мақсатында 25 жаңа мектеп салу жоспарланған.

2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі оқумен және тәрбиемен қамту көрсеткіші 89,4%, ал 3-6 жастағыларды қамту 100% болмақ.

Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен орталық су жүйесімен қамту 100% жеткізіледі, ал жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың үлесі 98%, газдандыру деңгейі 52% жетеді.

Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қоғамдық орындарға 585 бейнебақылау камерасы орнатылып, тұрғын үймен біріктірілген 16 учаскелік полиция пункті ашылады, 8 елді мекенде су тасқыны қаупінен қорғау шаралары атқарылады, 33 өрт сөндіру посты құрылады.

Бұдан бөлек 2025 жылға қарай мемлекеттік органдардың қызметі 100% автоматтандырылып, электронды форматқа көшіріледі, бұл қызмет алу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.