Тамара Дүйсенова жұмысшыларды өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру мәселесіне ерекше назар аударды. Бүгінгі таңда республикада 179,9 мың белсенді кәсіпорын бар, оның ішінде қызметкерлерді міндетті сақтандыру туралы 58,5 мыңы ғана шарт жасасқан.

«Бізде жазатайым оқиғалар жиі болатын өндірістер бар. Белгілі болғандай, кейбір жұмыс берушілер еңбек қауіпсіздігін дұрыс қамтамасыз етпейді және өз қызметкерлерін сақтандырмайды. Келесі жылға арналған міндет – 119,9 мың кәсіпорын тарапынан қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарын жасасуды қамтамасыз ету. Бір жыл ішінде соңғы жылдары жасалмаған істерді жасауға тырысайық», – деді министр.

Еңбекминінің басшысы өңірлердің еңбек инспекциясы басқармалары басшыларының назарын Республика кәсіпорындарын Электрондық еңбек биржасында еңбек шарттарын есепке алу жүйесіне қосуды толық қамтымай отыру мәселесіне аударды. Бүгінгі күні 914 мыңнан астам жалдамалы қызметкердің электрондық еңбек шарттары жоқ.

Сондай-ақ, Тамара Дүйсенова өз қызметкерлері үшін әлеуметтік аударымдарды биылғы жылдың тамыз айында төлеген жұмыс берушілер саны неліктен азайғанын мұқият қарастыруды және еңбек жанжалдарының туындау тәуекелін болдырмау мақсатында бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

«Келесі жылы сіздер қызметкерлерді өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарын, электрондық еңбек шарттарын ресімдеуді және барлық жалдамалы қызметкерлер бойынша уақтылы әлеуметтік аударымдарды қамтамасыз етулеріңіз керек. Бұл көрсеткіштер сіздің KPI-де ескерілетін болады», – деп атап өтті Еңбекмині басшысы.

Тамара Дүйсенова олар еңбек инспекциялары еңбек жанжалдарын болдырмау бойынша кәсіпорындармен белсенді жұмыс істеуі, қызметкерлердің құқықтарының сақталуын және жұмыс берушілердің ұжымдық шарттар бойынша алған міндеттемелерін орындауын мұқият бақылауы, қызметкерлердің еңбек жағдайлары мен жалақы деңгейіне қанағаттануына тұрақты сауалнамалар жүргізуі тиіс екенін атап өтті. Бұл ретте ведомство басшысы Еңбекминінің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті басқармалардың жұмысын үйлестіруді өз мойнына алатынын айтты.