Жылу электр орталығында орын алған апатқа байланысты Павлодар облысының әкімі бастаған штаб құрылды. Қалпына келтіру жұмыстарына 138 адам және 35 техника жұмылдырылған. Бұған дейін анықталған 15 зақымданудың 14-і жойылып, қазіргі уақытта жұмыстар жалғасуда.

2022 жылғы 28 қарашадағы сағат 15.30-дағы жағдай бойынша жылу беру температурасы 84ºС (норма – 87ºС), кері қайтару – 54ºС (норма – 56ºС), пәтерлердегі температура 18-20ºС құрайды.

6 қазандық агрегат (№ 6,8,9,12,14,15) жұмыс істеп тұр, резервте 4 қазандық агрегат (№ 5,7,11,13) бар. Электр энергиясын тұтыну 51 МВт құрады.

Емдеу мекемелеріндегі температуралық режим күні бойы қалыпты және 20-25ºС шегінде сақталып отыр. Бұл санитарлық нормаларға сәйкес келеді.

18 көпқабатты тұрғын үй және 3 әлеуметтік нысан жылумен қамтамасыз етілмей отыр. ЦТП 52 учаскесінде (Мәшһүр Жүсіп көшесі бойынша 5 «а» шағын ауданы) 1 ақау бар.

Екібастұз қаласы бойынша жалпы 422,5 км жылу желілері бар. «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС балансында 342,3 км, олардың тозу деңгейі 91% құрайды.

Екібастұз ЖЭО–да 10 қазандық орналасқан, оның ішінде 5 энергетикалық, 5 су жылыту қазандығы.

Екібастұз қаласында 689 көппәтерлі үй және орталық жылумен жабдықтауға қосылған 4 395 жеке үй бар.