Алдымен министрлік өкілдері мен сенаторлар неміс технологиялары негізінде шар тәріздес ілмекті арматураны өндіретін «Бемер Арматура» кәсіпорнында болды. Оның өнімдері мұнай-газ секторы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында сұранысқа ие. Бұл зауыт заманауи еуропалық қондырғылармен жабдықталған. Аталған өндіріс орнында Германиядағы кәсіпорындарында тәжірибе жинақтап келген білікті кадрлар жұмыс істеп келеді. Мұнда шығарылатын дәнекерленген корпусы бар шар тәріздес шүмектер қолданыстағы ұлттық және халықаралық талаптарға толық сай.

Келесі кезекте елордалық делегаттар тау-кен зауыттарындағы диірменге арналған қаптамаларды шығаратын Polymet Solutions Corporation ЖШС-не аялдады. Бұл компания тау-кен өнеркәсібіне қажетті резеңке, резеңке металды қаптамалардың өндірісін жолға қойған. Осында өндірілетін резеңке және резеңке металды қаптаманың салмағы болат қаптамасына қарағанда 80%-ға жеңіл.

«Қазір «Сарыарқа» АЭА-ның аумағында 45,3 млрд теңге сомасына 600-ге жуық жұмыс орнын ашуды қарастыратын 9 жоба іске асырылды. Бұған қоса 1800-ден астам жұмыс орнын ашуды көздейтін 11 жоба жүзеге асырылып жатыр», деді Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев.

Бұдан басқа ведомство өкілдері мен депутаттар KamaTyresKZ және QazTehna компанияларының қызметімен танысты. Атап айтқанда, KamaTyresKZ көлік шиналарын өндіруді қолға алып отыр. Мұнда жеңіл және жеңіл жүк көліктері, сондай-ақ ауыр жүк көліктеріне арналған шиналар шығарылатын болады. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты – 3,5 млн шина. Кәсіпорынның технологиялық жарақталуы барлық өндірістік процестің едәуір көп бөлігін автоматтандыруға мүмкіндік беріп отыр.

QazTehna-ның қызметіне келсек, кәсіпорын жолаушылар автобусының, кен орындарына, сондай-ақ құрылыс және жол салуға арналған техниканы шығаруға дағдыланған отандық өндіруші саналады. Бұл компанияның жалпы өндірістік қуаты жылына – 1200 жолаушылар автобусы мен электр автобусын, сондай-ақ кен орнына және құрылыс пен жол салуға арналған техниканың 500 данасын шығаруға қауқарлы.