«Саяси партиялар туралы» Заңның 10-бабына сәйкес 2022 жылғы 28 қарашада Әділет министрлігі «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» қоғамдық бірлестігін тіркеді. 

Саяси партияны құру туралы 2022 жылғы 24 қыркүйекте өткізілген  құрылтай съезі және  «Саяси партиялар туралы» Заңының 6-10-баптары бойынша ұсынылған құжаттар тіркеуге негіз болған. 

Бұл ретте, қазіргі кезде саяси партиялар туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты партияларды құру тәртібі оңайлатылды: 

- азаматтардың бастамашыл тобының ең аз саны 700 адамға дейін қысқарды; 

- Құрылтай съезін өткізу мерзімі 3 айға дейін ұзартылды; 

- тіркеу шегі 5 мың партия мүшесіне дейін төмендетілді; 

- өңірлік өкілдіктердің ең аз саны 200 адамға дейін азайды; 

- партия филиалдарын (өкілдіктерін) қалыптастыру мерзімі 1 жылға дейін ұлғайтылды», - деп хабарламада айтылған.