Сапар барысында Н. Дендиас ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды. Кездесу барысында грек министрі екіжақты және көпжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасу мүмкіндігі үшін алғысын білдіріп, Грекия Қазақстанды өңірдегі тұрақтылыққа кепіл болатын Орталық Азиядағы ең ірі және басымдыққа ие ел ретінде қарастыратынын атап өтті.

Сол күні Қазақстан мен Грекия сыртқы саяси ведомстволарының басшылары Мұхтар Тілеуберді мен Николаос Дендиас кеңейтілген келіссөздер жүргізіп, оның барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы ахуалы мен одан әрі даму перспективаларын талқылады. Жаһандық және өңірлік күн тәртібі мәселелері бойынша пікір алмасты.

Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М. Тілеуберді атап өткендей:

«Грекия Республикасы – Оңтүстік Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық серіктестеріміздің бірі. Министр Дендиастың Қазақстанға ресми сапары Астана мен Афина арасындағы екіжақты және көпжақты форматтағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге қосымша серпін беретініне сенімдімін».

М. Тілеуберді мен Н. Дендиас биылғы жылы Қазақстандық-грек іскерлік кеңесінің құрылғанын (2022 ж. 20 маусым, Афина), сондай-ақ Экономикалық және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық-грек үкіметаралық комиссиясының 5-ші отырысының (2022 ж. 19 қазан, Астана) сәтті өткенін құптады. Қазақстан мен Грекия арасындағы екіжақты сауда қатынастары оң үрдіске ие. Осылайша, 2022 жылдың он айы ішінде Қазақстан мен Грекия арасындағы тауар айналымы 1,4 млрд АҚШ долларды құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 28%-ға артық (1,06 млрд АҚШ доллар).

Сұхбаттастар елдер арасындағы «жанды көпірдің» - Қазақстанда тұратын он мыңдық грек диаспорасының маңызды рөлін ерекше атап өтті. Сонымен қатар елімізде грек дәстүрлері, әдет-ғұрыптары және тілін қолдайтын 17 аймақтық қоғамды қамтитын «Филия» (грек тілінде «достық» мағынасын білдіреді) Қазақстан грек қоғамдары ассоциациясы жұмыс істейді.

Келіссөздер нәтижесінде екі елдің сыртқы істер министрліктері арасында Дипломатиялық қызметкерлерді даярлау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.