Жаһандық деңгейдегі шараның мақсаты – Ақтөбе облысының инвестициялық әлеуетін көрсету. Жағымды  имиджін әрі қарай дамыту. Болашақта Ақтөбе экономикасына тартылар отандық және шетелдік инвестиция көлемін арттыру. 

Форумға қатысушылар Ақтөбе облысының инвестициялық мүмкіндіктерін 5 блоктан тұратын көрмеден тамашалап білді. 

«Химиялық өнеркәсіп» блогында EASY компаниясы өз өнімдерін көрсетсе, «Металлургия және машина құрастыру» блогында шара қонақтары «ERG Recycling», «Қазақстанның мұнай жабдықтары зауыты»,  «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты», «Bigness» ЖШС ұжымдарының жұмысымен танысты. 

«Құрылыс индустриясы» блогында «Фотон» Ақтөбе құрылыс материалдары зауыты және «Қазтермогрупп», «Зерде Керамика Ақтөбе» ұжымы өз мүмкіндіктерін көрсетті. 

Қатысушылардың назарын ерекше аударған тамақ және агроөнеркәсіптік кешендерінде жұмыс істеп жатқандар болды. Олар – «Айс-плюс» ЖШС, «Рамазан»,  «АҚМЭЗ», «Рокос Агро» ұжымдары. Сондай-ақ жеңіл өнеркәсіпті дамытып жүрген «А-Textile» ЖШС, «ПК Глобал-Арнайы киімдер» т.б. бар. 

Форумға қатысушыларды құттықтаған Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов жаһандық экономиканың шайқалып тұрған уақытында Қазақстан секілді сенімді серіктестің болуы маңызды екенін атап өтті. Өз кезегінде Ақтөбе облысы серіктестікке әрдайым дайын және ашық екендігін жеткізді. 

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында «Саяси және экономикалық реформалар ең алдымен әрбір қазақстандықтың табысын арттыруға, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталатынын атап өтті. Мұны мемлекет пен бизнестің бірігуінсіз орындау мүмкін емес» деген еді. Расында жаңа жұмыс орындарынсыз, капитал салымдарынсыз, еңбек өнімділігін арттырусыз жүзеге асыру мүмкін емес. Мұның барлығы сайып келгенде инвестицияға тіреледі.  Соңғы бес жылда өңір экономикасына 6 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Оның төрттен бірі, яғни 25%-ы — шетелдік инвесторлар қаржысы. Облыста 1,5 мыңнан астам шетелдік кәсіпкерлік нысандар жұмыс істейді. Олардың қатарында ERG, «Орыс мыс компаниясы», Yildirim Group, Eni және General Electric трансұлттық компаниясы бар. Бұл - бизнес тараптың біздің өңірге деген сенімінің жарқын көрінісі. Экспорттың жалпы көлемі 2,3 миллиард долларды құрады. Соның ішінде өнеркәсіпті өңдеу экспортының 10 айдағы көлемі — 1,2 миллиард АҚШ доллары. Сыртқы тауар айналымы 3,2 миллиард АҚШ долларынан асып кетті. Сыртқы инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін өндірістік, көлік және сервистік инфрақұрылымды қолдауды жалғастырамыз. Мысалы облыстың инвестициялық экожүйесі қатысушылардың барлығын бір жүйеге біріктіреді. Тағы бір маңызды фактор — инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Бұл бағытта да белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырған Ералы Тоғжанов. 

Ақтөбе облысы дамыған өнеркәсібімен ерекшеленеді. Өңір тоғыз жолдың торабында орналасқан. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі облыс орталығы Ақтөбе қаласы аумағы арқылы өтеді.

Өңір минералды-шикізатқа өте бай. Құрылыс материалдарынан бастап тау-кен шикізатына дейін 170-ке жуық бос кен орындары барланған. Ішкі құндылықты сақтау мақсатында ірі магистральдық кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құру жұмыстары жүргізілуде. 

Облыста медициналық кластерді дамытуға көп күш жұмсалып жатыр. Оның құрамында перинаталды, офтальмологиялық және Check-up орталықтар, Ядролық медицина орталығы, диализаторлар өндіру, дәрілік заттарды сақтауға арналған ТМК және тағы басқалары бар. 

Мемлекет басшысының жоғары білім жүйесін қайта жасақтау бағытындағы тапсырмасы аясында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетің базасында Ұлыбританияның Heriot-Watt University  филиалын ашу жоспарланып отыр. 

Форум аясында «Ақтөбе облысының инвестициялық келешегі» тақырыбында пленарлық отырыс және «Ақтөбе облысының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі драйверлері» тақырыбында панельдік сессия өтті. Саладағы сарапшылар бұған қатысты өз пікірлерін білдірді. Инвестициялық белсенділік пен кәсіпкерлікті дамыту, облыс аумағында жұмыс істейтін компаниялардың және өз қызметін облыста бастауды жоспарлап отырған ұжымдардың нақты табыстары туралы айтылды.

Қол жеткізілген келісімдер аясында Ақтөбе облысының әкімдігі мен ERG компаниясы бастаған, сондай-ақ Германия, Литва, Түркия Республикасы елдерінің ірі инвесторлары арасында сомасы 2,7 трлн теңге құрайтын 8 меморандум жасалды. 

Жобалардың қатарында мұнай-химия кешенін, қант зауытын, теміржол дөңгелектерін шығаратын зауытты, рельс дәнекерлеу кәсіпорнын, медициналық жабдықтар шығаратын зауытты, қуаты 153 МВт-қа дейінгі Хромтау-1 жел электр станциясын, тұрып қалған және ағымдағы хромы бар шламдарды қайта өңдеу фабрикасын және т. б. салу бар.