2022 жылғы ЕАДБ жұмысының алдын ала қорытындылары және келесі жылға арналған жұмыс жоспары талқыланды. Мәселен, биыл Банк республикадағы жобаларға салынған инвестицияларды $1,2 млрд-қа дейін ұлғайтты, бұл өткен жылдың жоспардағы индикаторлары мен көрсеткіштерінен асып түсті. 2023 жылы ел экономикасының басым салаларына тағы $1,1 млрд бағыттау жоспарланып отыр.

Әлихан Смайылов кооперациялық жобалар санын арттырудың маңызды екенін атап өтті.

«Осы қарқынды сақтап, жобалар пулын кеңейту қажет», — деді Премьер-Министр.

Өз кезегінде Николай Подгузов 2026 жылға дейін Қазақстанда жобаларды іске асыруға кемінде $3,8 млрд көзделгенін хабарлады.

«Келер жылы қаржыландыру кезінде логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, су ресурстарымен, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікпен қамтамасыз етуге, экологиялық көрсеткіштерді жақсартуға бағытталған жобаларға басымдық беріледі», — деді ЕАДБ басшысы.

Анықтама: Еуразиялық даму банкі – Еуразиялық кеңістікте инвестициялық қызметті жүзеге асыратын халықаралық қаржы ұйымы. ЕАДБ экономикалық байланыстарды кеңейтуге және ұйымға мүше елдер – Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстанның жан-жақты дамуына жәрдемдеседі. Банк портфеліндегі негізгі үлес көлік инфрақұрылымы, цифрлық жүйелер, «жасыл» энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және машина жасау салаларындағы ірі интеграциялық жобаларға тиесілі.