Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының өңір әкімі лауазымына Даниал Кенжетайұлы Ахметов пен Ренат Тілеуханұлы Құрмамбаевтың кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын оқыды. 

Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 117 депутаттың 94-і Д. Ахметовке, 23 депутат Р. Құрмамбаевқа дауыс берді. 

Облыс активімен кездесуде Премьер-Министр өңірде Даниал Ахметов жұмыс істеген кезеңде ірі өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы жобалары іске асырылғанын атап өтті. Әлеуметтік мақсаттағы ондаған нысан, оның ішінде мектептер, ауруханалар, спорт орталықтары салынып, құрылыс жұмыстары жүруде. Жалпы алғанда Шығыс Қазақстан облысы бүгінде барлық негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң нәтижеге жетіп отыр. 

Әлихан Смайылов басым міндеттер ретінде ҚР Президентінің сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспары шеңберінде өңірді одан әрі дамыту жөніндегі жүйелі шараларды іске асыру екенін атап өтті. 

«Бұл құжатта экономикада, әлеуметтік салада және өңірлік саясатта халықтың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты өзгерістер қарастырылған», — деді Премьер-Министр. 

Оның айтуынша, алдағы жылдары ұлттық жобалар аясында 4,2 мың оқушыға арналған 10 жаңа мектеп, 36 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысандарын ашып, 1 аудандық аурухананы жаңғырту жоспарлануда. Бұдан басқа, ауылдық елді мекендерде аграрлық секторды, кәсіпкерлікті дамыту және жалпы ауылда өмір сүру сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылданады. 

Сонымен қатар Премьер-Министр жылыту маусымын тұрақты өткізу, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, металлургия және машина жасау салалларын дамыту жөніндегі қадамдарды іске асыру, сондай-ақ экологиялық ахуалды жақсарту қажеттігіне назар аударды.