Теректі ауылының тұрғындары жолдардың нашар жағдайына шағымданды. Өз кезегінде, вице-министр келесі жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде Теректі ауданындағы кентішілік көшелерді жөндеуге бағытталған 4 жобаны іске асыруға 223 млн теңге бөлу жоспарланғанын айтты.

Сондай-ақ, ауыл тұрғындары Долин, Төңкеріс, Шөптікөл және Приречное елді мекендерінің әлеуметтік нысандарын газдандыру мәселелерін көтерді. Б.Омарбеков 2023 жылы мектепті, ауылдық клубты, фельдшерлік-акушерлік пунктті және Приречное ауылы әкімдігін газдандыру үшін қазандықтар салуға 80 млн. теңге бөлінетінін атап өтті. Қалған елді мекендерді газдандыруға арналған қаражатты жергілікті бюджеттен бөлу қажет екендігін жеткізді.

Теректі ауылында жаңа емхана салуға келетін болсақ, бұл жобаны іске асыру алдағы 2 жылға жоспарланған. Бір ауысымда 200 адам қабылдай алатын нысанның жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайды. Халықпен кездесуден соң Б.Омарбеков аталған емхананың құрылысын тексерді.

Ақсай қаласында Ұлттық экономика вице-министрі азаматтарды жеке қабылдады. Жергілікті кәсіпкерлер электр және су желілерінің жағдайына наразылығын білдірді. Олардың айтуынша, қалада апаттық жағдайлар жиі орын алады.

Б.Омарбеков атап өткендей, электр желілерінің тозуы мәселесін жергілікті бюджет есебінен шешу жоспарланып отыр, ал мемлекеттік сараптаманың оң шешімін алғаннан кейін республикалық бюджеттен су құбырларын реконструкциялауға қаражат бөлінуі мүмкін.

Жергілікті мектеп мұғалімі білім беру саласындағы мамандардың жетіспеушілігі туралы айтып, қаланы «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қосуды сұрады. Вице-министр моно және шағын қалаларды дамыту жөніндегі бекітілген Жол картасы шеңберінде аудандық маңызы бар қалаларға әлеуметтік сала мамандарын тарту және оларға «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде қаржылық қолдау көрсету жөніндегі мәселені пысықтау жоспарланып отырғанын хабарлады.

Бұдан басқа, Ақсай қаласының әкімдігі қалалық инфрақұрылымды дамыту үшін республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлу және Бөрлі ауданының Бөрлі ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны күрделі жөндеуге «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде шамамен 140 млн теңге бөлу мәселелерін көтерді.

Батыс Қазақстан облысында барлығы 416 ауылдық елді мекен бар. 2021 жылы 18 ауылда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 5,4 млрд теңгеге 36 жоба іске асырылды. Ағымдағы жылы 31 ауылда 48 жобаны іске асыруға 7,7 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.