Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің 60 жылдығы аясында педагог кадрларды даярлау саласындағы жоғары оқу орындарының Консорциумын құру туралы меморандумға қол қойылды.

Педагогика бағытындағы университеттердің консорциумын құрудың мақсаты – педагогикалық білім мен ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты нығайту және дамыту. 

Тараптар қызметкерлер мен ғылыми-педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру, бакалавриат, магистранттарды және докторанттарды даярлау бойынша бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру мүмкіндігін алады. Сол арқылы мұғалімдердің білім беру және ғылыми зерттеу бағытында ынтымақтастық орнатуға ниетті. 

Серіктес университеттер магистранттар мен докторанттар үшін ғылыми тағылымдамалар, бірлескен ғылыми жобалар, семинарлар мен ғылыми конференциялар және тіл курстарын ұйымдастыру арқылы студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамның академиялық ұтқырлығын дамыта алады. Сонымен қатар, семинарлар, іс-сапарлар, презентациялар, тренингтер және университеттердің тәжірибесін таратуға бағытталған іс-шараларды өткізу жоспарлануда.