«Осы жылдың 23 қарашасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы барысында әкімдіктің кәріз-тазарту құрылысына өнеркәсіптік сарқынды суларды қосу туралы келісімге қол жеткізілді. Сарапшылардың пікірінше, булану алаңдарын қалпына келтіру және болашақта сарқын суларды тазарту өңірдегі экологиялық проблеманы едәуір жақсартады. Шығыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өзара іс-қимылы нәтижесінде І және ІІ топтағы мүгедектерге арнаулы қызметтер көрсететін әлеуметтік қызметкерлердің жұмысын бақылауды автоматтандыру үшін «Интерактивті платформа» әзірленді. Талдау көрсеткендей, тұрмыстық, курьерлік, медициналық және басқа да қызметтер іс жүзінде көрсетілмеген немесе тиісінше жүзеге асырылмаған. Бұл мобильді қосымша әлеуметтік қызметкердің орналасқан жерін автоматты түрде тіркейді, ол қамқорлықтағы адамның мекен жайына сәйкес келуі керек. Бұл қызмет алушыға көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын бағалауға мүмкіндік береді. Ол жұмыс істеген кезеңде мүгедектерден 8 мыңнан астам оң пікірлер келіп түсті. Шалғай ауылдарда интернеттің жоғын ескере отырып, мобильді қосымшаның интернетсіз жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылған. Шымкент қаласында автожолдарды орташа жөндеу барысында асфальттың жоғарғы қабатын ауыстыру кезінде талап етілмейтін құм-қиыршық тас қоспасының негізін төсеу бойынша негізсіз шығындар анықталды. Бірлескен талдау негізінде уақытылы әрекет ету нәтижесінде шамамен 235 млн теңге үнемделді. Қаржы басқа әлеуметтік қажеттіліктерге бағытталды. Жетісу облысында да осындай проблема бойынша сметалық есептерді жасау кезінде жұмыс құнының негізсіз көтерілгені анықталды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 34 млн теңге қайтарылды. Ақтөбе облысында «Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолы» автомобиль жолының 50 мың шаршы метрден астам учаскесінде геоторлардың жоқтығы анықталды. Бұл өз кезегінде жолдардың сапасына әсер етіп, 74 млн теңге сомасында залал келтіруі мүмкін. Батыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынысымен 42 млн теңгеге «Барбастау-Ақжайық-Индербор» жол учаскесін күтіп ұстау бойынша олқылықтар жойылды», - деді спикер.