Дәрігерлік амбулатория 5 мыңнан астам бекітілген халыққа қызмет көрсетеді, 35 қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде 20 медицина қызметкері.
«Ауыл тұрғындарын скринингпен қамтуды қамтамасыз ету қажет, ал АІЖ ағзаларыны толыққанды зерттеп-қарау үшін КТ, ФГДС жабдықтары болуы керек, онкологияны уақтылы анықтау үшін медицина персоналының біліктілігін арттыру, оқуға жіберу қажет», - деп атап өтті А.Ғиният амбулатория дәрігерлерімен сұхбатында.
Ол баланы дамыту кабинетінің жұмысымен танысты, дәрігерлерден учаскелерде жүкті әйелдерді және жаңа туған нәрестелерді патронаждау қалай жүзеге асырылатыны туралы сұрады.
Медицина қызметкерлерінің айтуынша, бүгінгі таңда балаларды бақылау тәсілдері өзгерді, денсаулықтың медициналық көрсеткіштері ғана емес, сонымен қатар баланың дамуының психо-әлеуметтік аспектілері және басқа факторлар да ескеріледі.
Министр әрбір дәрігерге және оның 5-6 көмекшісінен тұратын командасына бір учаскеде 1600 адам тиесілі екенін, сондықтан созылмалы және жіті аурулардың профилактикасы бойынша бекітілген халықпен жұмысты күшейту қажет екенін атап өтті.
Министрмен сөйлескен егде жастағы пациенттер өткен жылдармен салыстырғанда медициналық көмек көрсету жағдайларының қаншалықты жақсарғанын атап өтті, олар сондай-ақ дәрігерлік амбулаторияның медициналық жабдықтарының бір бөлігін жаңартуға ниет білдірді.
Содан кейін ведомство басшысы Жаңаөзен қаласындағы жедел жәрдем станциясы бөлімшесінің жұмысымен танысты, ол жылына 60 000 шақыртуға дейін қызмет көрсетеді. 100-ге жуық фельдшер мен 3 дәрігер жедел және кезек күттірмейтін жәрдем бөлімшесінде жұмыс істейді.
Министрді қызметтің техникалық жабдықталуы, машиналардың пациенттерге жету уақыты, қызметкерлердің біліктілігі мәселелері толғандырды.
Бөлімшенің бас дәрігерінің айтуынша, соңғы жылы табысты реанимация көрсеткіштері ұлғайды, емдеуге жатқызуға дейінгі өлім-жітім шамалы өсті, бұл негізінен ЖКО санының артуына, автожол бойындағы қарқынды көші-қон ағынына байланысты.
«Тарифтер бойынша сұрақтарыңызды болжай отырып, олардың қазірдің өзінде көтерілгенін атап өткім келеді және жалақының өсуін ескере отырып, қаржыландыруды да қосуды жоспарлап отырмыз. Бірақ сонымен бірге медициналық көмектің сапасы артуы керек, ол үшін фельдшерлерді үнемі оқытып отыру керек, олар инсульт, жарақат, аллергиялық ұстамалар кезінде қандай көмек қажет екенін нақты білуі керек», - деді денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.
Келесі объекті Жаңаөзендегі қуаттылығы 360 төсектік тәулік бойы жұмыс істейтін қалалық көпбейінді аурухана болды.
Аурулардың арасында бірінші орында жүрек аурулары, екінші орында геморрагиялық инсульт, үшінші орында жарақаттар тұр деді аурухананың бас дәрігері.
Министр травматология бөлімшесінің, операциялық және реанимациялық блоктың жұмысымен танысты, жаңа жабдықтарды қарап шықты, еліміздің жетекші клиникаларының базасында жас мамандарды оқытуды жолға қоюды ұсынды.
Бұдан әрі сапардың бірінші күнінің бағдарламасы Жаңаөзен қаласының медицина жұртшылығымен кездесумен аяқталды.
«Біздің ортақ проблемамыз -медицина кадрларының тапшылығы. Біз медицина кадрларын әлеуметтік қолдауды күшейту, ауыл дәрігерлері үшін көтерме төлемдердің сомасын арттыру мәселесін бастамалаймыз. Екінші мәселе - медициналық ұйымның мүмкіндіктеріне сәйкес медициналық көмектің көлемін біркелкі бөлу, бұл әсіресе жүктемені көтере алмайтын мемлекеттік медициналық мекемелерге қатысты, содан шағымдар көбейіп, сапа төмендейді. Медициналық көмектің бұл көлемін өз міндеттемелерін шағымсыз орындайтын жеке клиникалардың арасында бөлген дұрыс», - деді министр қала дәрігерлерімен кездесуде.
Ол дәрігерлерге денсаулық сақтау жүйесіндегі МӘМС-тің рөлі туралы еске салды, соның есебінен саланың жылдық бюджетіне инвестициялар 800 млрд теңгеге дейін өсті. Әрбір адам 12 айға сақтандыру медицинасына шамамен 36 мың теңге төлей алады және еліміздің кез келген өңірінде емхананы таңдай отырып, медициналық көмектің кең пакетін пайдалана алады.
Министр басты міндет – халықтың орта жасының өмір сүру ұзақтығын ұлғайту, қала мен ауыл тұрғындарын сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету екенін атап өтті.