Шараға ҚР Парламентінің депутаттары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары, Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасының Тұрақты өкілінің, Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі, ХКҰ Ұлттық бағдарламалық офицері, Түркия Республикасының Бас омбудсмені, ЕҚЫҰ кеңсесі бөлімінің басшысы, Халықаралық тәуелсіз сарапшы, БҰҰ ППП бұрынғы Вице-төрағасы, Қырғыз Республикасының Ақыйкатчы (омбудсмен) аппаратының бөлім меңгерушісі және «Қадір-қасиет» ҚБ директоры қатысты.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин, Банк омбудсмені Ерсерік Сиырбаев, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов, студенттік омбудсмен Айсұлу Ерниязова, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Руслан Жұманов, сондай-ақ Түркия мен Қырғыз Республикасының омбудсмендері практикалық тәжірибелерімен бөлісіп, алдағы уақытта адам құқықтарын қорғау және сақтау саласындағы өзара іс-қимыл жасау жолдарын талқылады.

Биыл қазақстандық ұлттық құқық қорғаушы мекемесіне 20 жыл толды. 2022 жылғы 18 қарашада «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заң күшіне еніп, оның қабылдануымен Омбудсменнің құзыреті және құқық қорғаушылық қызметтің тетіктері күшейтілді.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Унжакова кіріспе өзінің сөзінде ондаған жылдар бойы уәкілдің қызметі мемлекеттің сыртқы саясатының тек формалды және имидждік бөлігі ретінде ғана саналғанын атап өтті. Депутаттың айтуынша, «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» жеке Конституциялық заңның қабылдануы адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды біздің күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналдырды.

Сенатор Нұрлан Бекназаров Уәкілге конституциялық өкілеттіктер беру демократиялық процестерді дамытуға, сондай-ақ Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформаларды іске асыруға ықпал ететінін айтты.

Арнайы уәкілеттілігі бар омбудсмендер азаматтардың, оның ішінде балалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесу жөніндегі жұмыс тәжірибесі туралы айтты. Талқылау барысында зорлық-зомбылық, қатыгездік және жаза сияқты өзекті мәселелер көтерілді. Сонымен қатар, құқық қорғаушылар сапалы білім мен медициналық көмекке қол жеткізу мәселесін қозғады.

Өз кезегінде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова әріптестеріне олардың осы жолда жасаған әрбір іс-әрекеті адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарының сақталуына кепілдік беретін тұтас жүйені нығайтуға ықпал ететінін айтты.

«Биыл менің атыма әртүрлі бағыттағы 3,5 мыңнан астам өтініш келіп түсті (еңбек және көші-қон жағдайларына, жабық мекемелерде ұстау және медициналық қамтамасыз ету жағдайларына және т. б. байланысты), бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2 есеге (1855 шағым) және 2020 жылға қарағанда 3 есе көп  (1201 шағым). Бұл тұрғыда әріптестермен күш-жігерді біріктіру маңызды рөл атқарады. Біздің бәріміздің атқарып жүргеніміз бір іс – ол азаматтарымызға олардың құқықтарын қалпына келтіруге және қорғауға көмектесу», - деп түйіндеді Әзімова.

Сондай-ақ, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл адам құқықтарын сақтаудың халықаралық және конституциялық кепілдіктерін ілгерілетуде үкіметтік емес секторлардың маңызды рөлін атап өтті және олардың қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Аталған іс-шарада Қазақстанда адам құқықтарын ілгерілету және қорғау ісіне үлес қосқан ҮЕҰ өкілдері алғыс хаттармен марапатталды.