Осы жұмыстарды атқару үшін 500-ден артық білікті маманды елге алып келу көзделген. Ол үшін Тұжырымдамада 7 бағыт қаралды.
«Бірінші бағыт – Қазақстанды өңірлік білім беру хабына айналдыруды көздейтін білім беру иммиграциясы. Бұл бағыттағы жұмыс жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамын күшейтуге және білім беру сапасын арттыруға арналған. Ол үшін 100 үздік оқытушы мен сұранысқа ие технологиялар бойынша ғалымдарды Қазақстанға тарту ұсынылады. Он жылдық «Ғылыми-педагогикалық виза» берудің оңайлатылған тәртібі енгізіледі. Соның негізінде Қазақстанда тұрақты тұруға ықтиярхат алу мүмкіндіктері қарастырылады. Дәл осындай мүмкіндікті тапшы мамандықтар бойынша оқитын шетелдік студенттер де пайдаланатын болады. Екінші бағыт – бұл бизнес-иммиграция. Инвестиция тарту үшін әлемдегі бәсекелестік күшеюде. Осы орайда, елімізге инвестиция тарту арқылы инвестициялық виза берудің төменгі шегін 300 мың АҚШ долларына дейін азайту қарастырылған. Осы санаттағы мигранттар үшін «Инвесторлық виза» енгізу ұсынылады. Бұл визаны алушылар елге келіп, өз жұмысын бастайды, жұмыс орындарын ашады, салық базасын кеңейтуге мүмкіндік береді. Үшінші бағыт – сырттан 100 үздік маманды тарту. Келесі, көрші елдерден, соның ішінде тіркеусіз, бейресми жүрген азаматтардың жұмысын реттеу, тіркеу, бақылау», - деді І. Испанов.