Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаржы, индустрия және инфрақұрылымдық даму, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, экология, геология және табиғи ресурстар, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім, мәдениет және спорт, ақпарат және қоғамдық даму, әділет, төтенше жағдайлар, ішкі істер министрлері мен ұлттық экономика бірінші вице-министрі және т. б. баяндама жасады.

Баяндамашыларды тыңдап болған Премьер-Министр биыл Қазақстанның күрделі геосаяси жағдайға байланысты бірқатар қиындыққа тап болғанын атап өтті. Бұл бағаның өсуіне, инфляцияға, экономикалық дамудың бәсеңдеуіне әкеп соқты.

«2023 жылы бізді жаңа сын-қатерлер мен тәуекелдер күтіп тұр. Сондықтан біз Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен тапсырмаларын сапалы іске асыру үшін барынша күш салуымыз керек. Сондай-ақ біз форс-мажор жағдайларға барынша тез әрекет етуіміз қажет. Әр министр өз саласы бойынша тапсырмалардың 100%-ға орындалуына кепілдік беруі тиіс. Ал әрбір әкім жергілікті жерлерде әлеуметтік-экономикалық мәселелердің сапалы шешілуін қамтамасыз етуі керек», — деді Әлихан Смайылов. 

Премьер-Министр цифрлық жобалық офис аясында барлық бағдарламаның, жобалар мен Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуын тұрақты түрде бақылайтынын айтып өтті.

«Мерзімінде орындалмаса немесе орындалу сапасы нашар болса, дереу кадрлық шешімдер қабылданады», — деді Үкімет басшысы. 

Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының іс-шараларын министрліктердің салалық тұжырымдамалары мен даму жоспарларына қосуды тапсырды.

Одан бөлек, Үкімет басшысы мемлекеттік басқару деңгейлері арасында функцияларды қайта бөлу арқылы заңнамалық актілерді жүйелі тексеруді аяқтау, қазіргі сын-қатерлерді ескере отырып, инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін жаңарту және бір ай мерзімде халықтың табысын арттыру бағдарламасын өзектендіру қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар Премьер-Министр «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау мерзімін 7 жылға дейін ұзарту мүмкіндігін қарастыру, тұтынушылық кредит беру көлемін қысқарту шараларын әзірлеу және Ұлттық қордан трансферттерді біртіндеп төмендетуді қамтамасыз ету керектігін айтты.

Оған қоса, бюджеттеу тәсілдерін одан әрі жетілдіру, орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшыларына көбірек дербестік беру, сондай-ақ Экономиканы демополизациялау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмысын күшейту бойынша жұмыс жүргізілуі тиіс.

Әлихан Смайылов заң бұзушылықпен берілген кен орындарын мемлекет меншігіне қайтару жөнінде шаралар қабылдау, кәріз-тазарту құрылыстарын салу және жаңғырту жөніндегі жобаларды іске асыруды жеделдету, республикадағы әрбір ЖЭО-ның жай-күйін кешенді қарау және Алматыда ЖЭО-2 және ЖЭО-3 үшін қажетті газ инфрақұрылымын жүргізу жөніндегі жұмысты жандандыру қажеттігіне назар аударды.

Сонымен қатар Премьер-Министр ауыл шаруашылығы министрлігіне мемлекет меншігіне қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің ашық цифрлық картасын жасауды тапсырды. Оларды бөлу тетігі айқын болуы керек. Ал өңірлердің әкімдеріне оларды шешудің нақты алгоритмдерін әзірлей отырып, тұрғындар тарапынан туындайтын проблемалық мәселелерге уақытылы мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету тапсырылды.