ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр семинарда 2023 жылдың көктемінен бастап қаржыландыру нысанына қарамастан FIDIC келісімшарттарының талаптарын барлық жол жобасына енгізу жоспарланып отырғанын айтты. Тиісті заң жобасы қазір Үкіметте қаралып жатыр.

«Қазіргі уақытта олар халықаралық қаржы институттары — Еуропа қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі және Дүниежүзілік банктің қатысуымен жүзеге асырылатын жобаларда ғана қолданылып келеді», – деп атап өтті спикер.

Халықаралық инженер-консультанттар Федерациясының келісімшарт ережелері 1 ғасырдың көлемінде әзірленіп, жетілдірілген. Сәйкесінше, күллі әлемге танымал. Құрылыстың барлық қатысушысының іс-әрекеттері мен жауапкершілігін белгілейтін нақты механизм ақшаның тиімді жұмсалуына және сапаның сақталуына кепілдік береді. FIDIC стандарттарының элементтері инженер орындаған жұмыстардың сапасы мен көлемі үшін жауапкершілікті, негізгі құрылыс материалдары мен жабдықтары бағасының нарықтық ауытқуларына сәйкес жедел әрекет етуді, сонымен бірге құрылыс мерзімдерін бұзғаны үшін айыппұл санкцияларын және басқа да шараларды қарастырады.

ҚР ИИДМ өкілдері FIDIC стандарттарын белсенді пайдалану Қазақстанның жол саласының күрделі мәселелерін шешуге мүмкіндік беріп, оны тәжірибелі шетелдік компаниялардың алдында тартымды етеді деп санайды.

«Біз басым проблемалардың шешімін табуға септігін тигізетін негізгі элементтерді енгізуді жоспарлап отырмыз. Мәселен, соңғы екі жылда жобалардың қымбаттауы және құрылыс құнын түзету мәселесі өзекті болды. Бүгінгі таңда бұл —жұмысты тоқтата тұруды талап ететін күрделі және ұзақ процедура. Нәтижесінде мемлекеттік органдарға тұрғындардан ескертулер түсіп жатады. FIDIC стандарттарының элементтерін қосу құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтатпай-ақ түзету процестерін автоматтандыруға және оларды жылдам жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деді Жамбыл Бақтияр.

FIDIC келісімшарттарының талаптарын енгізу жоспарлары келесі жаңашылдықтарды да көздейді. Атап айтқанда, жолдарды пайдалануға қабылдауды жүзеге асыру, соңғы төлемді кепілдік мерзімі аяқталғаннан кейін ғана жүргізу және банк кепілдігін қайтару, мердігерлердің қаражатынан барлық ықтимал шығынды және жұмысшылар мен техниканы міндетті сақтандыру.

Өз кезегінде «ҚазжолҒЗИ» мамандары тыңдаушыларға инновациялар туралы толығырақ айтып берді. Аталған ғылыми институт инженерлер мен консультанттар ретінде шамамен 8 жыл бойы халықаралық жобаларға қатысып келе жатқанын атап өткен жөн.

«Мемлекет басшысы FIDIC стандарттарының элементтерін енгізуді тапсырды. Мердігерлер мен жобалық ұйымдар үшін бұл мәселеде көптеген түсініксіз жағдайлар болуы мүмкін. Сондықтан біздің институт FIDIC келісімшарттарын қолдану үрдісін жүзеге асыруға және жол саласына кадрлар даярлау ісіне өз үлесін қосады. Семинарлар барлық мүдделі тарап үшін жүйелі негізде өткізілетін болады», – деді «ҚазжолҒЗИ» АҚ президенті Арман Әлібаева.