Аталған кеңесте рейстердің ұзаққа дейін кешігу себептері қарастырылды. Сондай-ақ авиакомпаниялардың өкілдері жолаушылардың құқықтарын қамтамасыз ету мен көрсетілген қызметтер бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпаратпен таныстырды.

Бұл ретте «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңына сәйкес әуе компанияның кесірінен рейс кешіктірілген жағдайда және оның ұзақтығына байланысты жолаушыларға тегін негізде салқын сусындар, ыстық тамақ, қонақ үйде түнеу, сондай-ақ оған көлікпен барып, қайту ұсынылуы тиіс. Аталған қызмет талапқа сай көрсетілмеген жағдайда авиакомпания айыппұл түрінде әкімшілік жауапқа тартылатынын айта кетейік.

Сонымен қатар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жолаушылар кешіктірілген рейстің әр сағат үшін тасымалдаушы компаниядан билет құнының 3% мөлшерінде өтемақы алуға құқылы.

Бұдан басқа «Ашық сағат алаңында» әуе тасымалдаушылардың рейстерді уақтылы орындауы туралы, сондай-ақ жолаушылардың құқықтарын  сақтауға баса мән берілу керектігі айтылып, авиакомпаниялардың міндеттері де түсіндірілді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев рейстердің кешігуін азайту мақсатында авиакомпаниялардың жаңа ұшақтарды сатып алу жөніндегі жоспарын қайта қарауды тапсырғанын айта кеткен жөн.