«Барлық жұмыс балалардың сапалы және қолжетімді білім алуын, шығармашылық тұрғыдан толыққанды дамуын қамтамасыз етуге, олардың спорттық және шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған. Жалпы, мәдениет саласында 1 млн астам баланы қамтитын бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Республикалық «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру онлайн жобасы сайттар мен әлеуметтік желілерде жүргізілуде. Қазіргі таңда қаралым саны 2 млн-нан асып отыр; «Оқушының мәдени нормативі» жобасы еліміздегі жалпы мектептердің 20%-ын немесе 1 510 мектепті қамтыды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 30%-ға жеткізу көзделген; Балалар әдебиетіне арналған «Дана бала» (www.danabala.kz) веб-сайты жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда ол сайтқа 5 000-нан астам кітап орналастырылды», - деді вице-министр.
Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған «Таланттар арамызда» республикалық фестиваль-көрмесі өткізілді, оған 250 астам бала қатысты. «Әжемнің ертегілері» онлайн жобасы 40 мыңнан астам баланы қамтиды. Балалар шығармашылығына арналған «Мейірім» инклюзивті музей фестивалі, жаз мезгілінде «Балаларды қорғау» күніне орай «Жазғы кино» ауқымды әлеуметтік жобасы өткізілді. Жаз бойы көп балалы, көмекке мұқтаж, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары мен жасөспірімдерге тегін кино көрсетілімдері ұйымдастырылады.