«Елімізде жыл сайын отбасы мәртебесін, ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін нығайтуға бағытталған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіледі. Осы жылдар ішінде конкурсқа Қазақстанның барлық өңірлерінен 20 мыңға жуық отбасы қатысты. Әкелердің бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру мақсатында әкелер институтын қолдау бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Жыл сайын Әкелер форумы ұйымдастырылады. Сондай-ақ отбасылық-демографиялық саясат бағыты бойынша жыл сайын гранттық жобалар іске асырылуда. Былтырдан бері Президенттің бастамасымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты тағайындалады. Жобаның негізгі мақсаты – дарынды қазақстандық жастардың жаңа, батыл, серпінді ғылыми және шығармашылық бастамаларына қолдау көрсету. Биыл 33 жеңімпазға 3 млн теңге көлемінде грант берілді. Жеңімпаздар қатарында Назарбаев Зияткерлік мектебінің 4 оқушысы бар», - деді спикер.