Вице-премьер Алтай Көлгінов Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовпен бірге ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасы аясында құрылған бірқатар ауыл шаруашылығы кооперативтерін аралады.

Айта кетейік, Жамбыл облысында пилоттық жобаны жүзеге асыру басталғалы 20-дан астам ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, 2300-ге жуық жаңа жеке кәсіпкер өз жұмысын бастады. Бұл шаралар АӘК алушылардың санын қысқартып, жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. 

Қордай ауданында кооператив басшысы Т. Сәрсембаев «ECO Chicken» құс фермасын кеңейту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Кәсіпкердің айтуынша, жақын арада жалпы қуаты 520 тонна құс етін құрайтын 8 модульдік құс фабрикасын, 2025 жылға дейін тағы 100 модульдік құс фабрикасын орнату жоспарлануда. Сондай-ақ Т. Сәрсембаев басқа кооперативтерге өз ісін ашуға және жұмыс орындарын құруға көмектеспек.

Алтай Көлгінов Меркі ауданы, Сұрат ауылында ашылған «Даму Сурат» ауыл шаруашылығы кооперативінде де болды. Кооператив ауылдықтарға егістік пен үй іргесіндегі жерлерді игеру, өнім өткізу бойынша қызмет көрсетеді. 2019 жылы кооператив 22 бірлік техниканы лизингке алған.

«Сатымбаев» ЖК басшысы жобаның бірінші бағыты аясында 5 сотық жерге жылыжай салып, жылына 12,5 тонна қияр жинауда. Сондай-ақ консерві цехын іске қосқан.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Байзақ ауданындағы бірқатар ауыл шаруашылығы кооперативтерінің де жұмысымен танысты.

Вице-премьер Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген бағдарламаны іске асырудың маңыздылығына тоқталып, оның, ең алдымен, халықтың табысын арттыруға, сондай-ақ экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамытумен ұштасқан нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталғанын атап өтті.

«Біздің мақсатымыз – ауылдар мен шағын қалалардың тұрғындарының табысы мен тұрмыс деңгейін арттыру, жұмыс орындарын құру, өз өнімдерін шығару. Мұнда ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жоба сапалы іске асырылуда. Жамбыл облысында іске қосылған жоба өзінің тиімділігін көрсетті. Енді осы тәжірибе бүкіл ел көлемінде таратылатын болады. Республикалық бюджеттен бұл мақсатқа 50 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Өз кәсібін ашқысы келетіндер осы бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдалана алады. Олар өз кәсібін аша отырып, басқа да ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын құратын болады», — деді Алтай Көлгінов.