Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Әділет министрлігінің күш-жігері заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, заң көмегін көрсетуді жетілдіруге және оның тиімділігін арттыруға бағытталған.


«Білікті заң көмегін алу құқығын қамтамасыз ету ҚР Конституциясымен кепілдендірілген. Азаматтардың білікті заң көмегін алуға конституциялық құқығын іске асыруды кәсіби заң қоғамдастығы жүзеге асырады, олардың арасында адвокаттар мен заң консультанттардың құқық қорғау институттары заң көмегін көрсету жүйесінде ерекше орын алады. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін заңнамалық реттеу 2013 жылы «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы» Заңның қабылдануымен қаланды. Алайда, бұл заң пысықтауды талап етті. Кейіннен осы құқықтық қатынастарды реттеу 2018 жылғы 5 шілдедегі «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» жаңа Заңның жазықтығына өтті. Заң қабылданған кезде жетілдірудің маңызды сатыларының бірі азаматтарды тегін білікті заң көмегімен қамтамасыз ету болды», - деді вице-министр.