Бұл жағымды жаңалыққа ауыл тұрғындары дән риза. Бұрын әрі тар, әрі бейімделген ғимаратта отырған медицина мамандарының да қуанышы ерекше.
Көкөзек ауылындағы блок-модульді үлгідегі жаңа медициналық пунктте алғашқы медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдайлар жасалған. Процедуралық, егу және басқа да қажетті кабинеттер бар, ыстық су мен суық су қарастырылған, электрмен жылытылады. Мұнда 760-тай астам адам медициналық қызмет алады.
Блок-модульді медициналық пункттер ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мәселесін қысқа мерзімде шешуге мүмкіндік береді. Олар тез әрі сапалы салынады, сонымен қатар объектінің түпкілікті құнына айтарлықтай әсер ететін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуді қажет етпейді.
Ал Сағабүен ауылындағы жаңа медициналық амбулатория мұндағы екі мыңға жуық тұрғынға жаңа жылдық сый болды десе болады. Ғимараттың құрылысы осы жылдың көктемінде басталған еді. Жобаның жалпы құны - 183,212 млн. теңге. Мердігер ұйым - «Global Construction kz» ЖШС. Амбулатория бір ауысымда 25 адамды қабылдай алады.
Аудан әкімінің орынбасары Әзиз Есжановтың айтуынша, заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған жаңа әлеуметтік нысандардың ашылуының арқасында ауыл тұрғындары сапалы медициналық көмек ала алады. Сондай-ақ, ол Қаракемер ауылында «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында тағы бір жаңа медициналық мекеменің құрылысы жүргізіліп жатқанын айтты.