Ақмәди Сарбасовтың өңірдегі жұмыс сапары «Нәтиже» сүт фабрикасының қызметімен танысудан басталды. Кездесу барысында министрлік өкілі еңбек ұжымына халықты жұмыспен қамту саласындағы жаңа саясат туралы хабардар етті.

«Халықты жұмыспен қамтудың жаңа саясаты азаматтардың жекелеген осал санаттарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесуден еңбекке қабілетті азаматтардың барлық санаттарын нәтижелі жұмыспен қамту үшін тең бастапқы жағдайлар жасауға көшуге негізделген. Ол жұмыс күшінің кәсіби дағдыларын күшейтуді, икемді жұмыспен қамтудың барлық түрлерін заңнамалық бекіту мен реттеуді, технологиялар мен білім трансферті үшін білікті мамандарды тартуды, ішкі көші-қонды реттеуді, жұмыспен қамту орталықтарын мансаптық орталықтарға айналдыруды және қызметтерді ауқымды цифрландыруды көздейді», – деп хабарлады бірінші вице-министр.

Іссапар барысында Ақмәди Сарбасов Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің білімгерлерімен және «Maker» ЖШС еңбек ұжымымен кездесіп, оларға кәсіби дағдыларды, оның ішінде өз бетінше алған дағдыларды, сондай-ақ формалды емес және информалды білім беру нәтижелерін тану шарттарын заңнамалық деңгейде бекіту туралы айтты. Осы шаралардың барлығы азаматтар үшін өз біліктіліктерін ұдайы арттыруға қосымша ынталандыруға арналған.

Сонымен қатар, бірінші вице-министр қатысушыларға кәсіптік бағдарлау мен дағдыларды игеру жайлы, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге және еңбек қатынастарын ресімдеуге дейінгі жұмыспен қамту саласындағы қызметтердің супермаркетіне айналған Электрондық еңбек биржасында ұсынылатын мүмкіндіктердің кең спектрімен таныстырып өтті.

«Бизнестің ұлттық жобалары мен жеке бастамалары шеңберінде құрылатын барлық жұмыс орындары Электрондық еңбек биржасында орналастырылады. Бұл платформа жұмыс іздеуге де, жұмысшыларды іздеуге де арналған бірыңғай алаңға айналды. Сондай-ақ, Электрондық еңбек биржасында таңдалған бағыт бойынша онлайн курстардан өтіп, жаңа кәсіби дағдыларды үйренуге болады», – деп атап өтті ол.

Жұмыс сапарының соңында бірінші вице-министр балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ұжымымен кездесіп, Әлеуметтік кодексте заңнамалық деңгейде бекітілетін азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларының күшейтілгені туралы айтты.

«Әлеуметтік кодекс аясында әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп, ол азаматтарды өмір бойы сүйемелдейтін болады. Бұл ретте азаматтардың жекелеген осал санаттарын қолдаудан отбасыны нығайту мен дамыту үшін базалық жағдайлар жасауға көшу жүзеге асырылады», – деді Ақмәди Сарбасов.

Сондай-ақ, бірінші вице-министр Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Әлеуметтік кодекс жобасын іске асыру шеңберінде бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін әлеуметтік төлем мерзімін бір жарым жасқа дейін ұлғайту, марапатталған аналарға берілетін жәрдемақы мөлшерін өсіру жолымен балалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту көзделгенін атап өтті. Бұдан басқа, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 18 жасқа толғанға дейін Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50% -ын балалардың арнайы жинақтау шоттарына аудару көзделген.

Ақмәди Сарбасов әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту ірі интернат-үйлерде қызмет көрсетуден олардың алушылары тұратын жерлерде орналасқан шағын жинақталған әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында қызмет көрсетуге көшу жолымен мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін кеңейту есебінен жүзеге асырылатынын хабарлады.

Әлеуметтік қызметке арнайы қызмет алушыларды отбасылардың бос емес мүшелерін тарту жоспарлануда. Оларға тиісті еңбекақы, әлеуметтік аударымдар және еңбек өтіліндегі осы қызмет түрін ескере отырып, жеке көмекші ретінде ресімдеу мүмкіндігі беріледі. Қатысушыларға қойылатын негізгі талап осы қызметтерді көрсету үшін тиісті дағдылары мен біліктілігі болуы шарт.

«Әлеуметтік кодекс жобасында жалпы тарифтердің орнына арнайы әлеуметтік қызметтерді жан басына шаққандағы қаржыландыру қағидатын енгізу көзделіп отыр. Тариф белгілеудің жаңа жүйесі арнайы қызмет көрсететін ұйымдар үшін жан басына шаққандағы норматив пен компенсаторлық техникалық құралдарды беретін ұйымдар үшін шекті бағаларды көздейтін болады», – деді вице-министр.

Ақмади Сарбасов Әлеуметтік кодекс аясында әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін арттыру көзделіп отырғанын айтты.

«Әлеуметтік қызметкерлер тізілімі қалыптастырылады, онда олардың біліктілігі, көрсетілетін қызметтердің түрлері мен сапасы, жұмыс нәтижелері туралы ақпарат қамтылады. Әлеуметтік қызметкерлер үшін жұмыс берушілердің дайындалып жатқан кадрлардың білім деңгейіне, дағдылары мен біліктіліктеріне қойылатын талаптарын көрсететін кәсіби стандарттар әзірленеді. Ұсынылатын қызметтердің біліктілік деңгейін, санаты мен ерекшелігі ескерілетін еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі дайындалады», – деді бірінші вице-министр.