«Биыл министрлік АИ-80, 92-93 және жазғы дизель отынын бөлшек саудада өткізуге арналған шекті бағаларды мемлекеттік реттеуді сақтау бойынша жұмыстар жүргізді. Автомобиль көлігімен мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салуды ұзарту және транзиттік көлік үшін дизель отынына сараланған бағалар бойынша бұйрықтар қабылданды. Алдағы жылы жоғарыда аталған шаралар сақталып, ұзартылатын болады. 2022 жылы Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін есепке алудың ақпараттық жүйесінің базасында мұнай өнімдерін сатуды бақылау модулі іске қосылды. 2024 жылдан бастап мұнай базаларын есепке алу аспаптарымен жарақтандыру міндеттемесі бойынша түзетулер қабылданды. 2023 жылы битум өндірісі 300 мың тоннаға ұлғайтылатын болады. Сонымен қатар Шымкент мұнай өңдеу зауытын қазіргі қуаты 6 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін кеңейтуді базалық жобалау басталады», - деді ведомство басшысы.  


Үкімет мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу жүйесіндегі өнімсіз делдалдарды жою жөнінде тиісті түзетулер қабылдайтын болады. Түзетулер шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылар немесе олармен үлестес тұлғалар өңдеу үшін мұнайды тікелей жеткізуді, мұнайды тікелей мұнай өңдеу зауыттары өзі сатып алуды, мұнай өнімдерін тек меншік немесе жалға алу құқығында мұнай базалары бар тұлғаларға көтерме жеткізуді (импортты, бірыңғай операторды және авиакеросин айналымын қоспағанда) жүзеге асыру ұсынылды.