​«Өткен жылы министрлік тәрбиешілердің жұмысын едәуір жеңілдететін бұйрықты бекітті. Онда мектепке дейінгі білім беру деңгейіндегі тәрбиешілер мен мұғалімдер толтыратын үш негізгі құжат анықталған. Бұл перспективалық жоспар, циклограмма және баланың жеке даму жоспары. Аттестаттау кезінде басқа құжаттар қаралмайды»,- деді «Балаларды ерте дамыту институты» РММ директоры Манара Адамова.

Биыл мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа Мемлекеттік стандарты мен үлгілік бағдарламасы қабылданды. Сарапшылар бұл мектепке дейінгі білім беру мазмұнын түбегейлі өзгертетін тәуелсіздік жылдарындағы ең үлкен реформа екенін атап өтті.

Жаңа Мемлекеттік стандарт «ойын арқылы оқыту» қағидасына негізделген балаларды дамытудың негізгі әдістемесіне оралуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ енді балабақшалар еркін күн тәртібін әзірлей алады. Бұл тәрбиешілерге минут сайын қатаң кестеге байланбай, күні бойы балалар үшін ойын және оқу жаттығуларын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа стандартта балалардың бойында маңызды құндылықтарды қалыптастырудың тәсілдері мен әдістері де көрсетілген. Тәрбиеші баланы ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсінуге, сыпайы және мейірімді болуға, дос болуға, құрметтеуге, көмектесуге, бөлісуге, қызығушылық танытуға, қоршаған әлемді бақылауға, зерттеуге және т.б. үйретеді.