«2022 жылдың  ішінде 407 мың жүкті әйел бақылауда болды, 412 мың бала дүниеге келді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ана өлімінің 3 есеге төмендеуіне қол жеткізілді», - деп атап өтті В. Дудник.

Алайда, оның айтуынша, қызметтердің негізгі көрсеткіштерінің төмендеуіне қарамастан, кадр тапшылығы, материалдық-техникалық жарақтандыру, инфрақұрылымның тозуы  басты проблема күйінде қалып отыр, бұл медициналық көмек көрсету сапасына тікелей әсер етеді.

Әйелдер мен балаларға білікті медициналық көмек көрсету үшін елде 5000-нан астам МСАК объектісі, 240 перзентхана, оның ішінде 39 перинаталдық орталық, 23 балалар ауруханасы және 4 республикалық клиника жұмыс істейді.

Вице-министрдің айтуынша, перзентхана деңгейінде акушер-гинекологтармен жұмыс істеу 45%-дан 80%-ға дейін өзгереді.

В. Дудниктің айтуынша, осы бағыттағы кадр тапшылығын атап өтіп, бүгінде елімізде 275 акушер-гинеколог, 323 анестезиолог-реаниматолог, 100 неонатолог жетіспейді. Балалар стационарларында 200 педиатр, 340 анестезиолог-реаниматолог тапшылығы байқалады.

Солтүстік Қазақстан облысында неонатологтардың, Атырау облысында педиатрлардың, Түркістан облысында балалар анестезиолог-реаниматологтарының тапшылығы ерекше назар аударады.

Кадрлық қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында Министрлік 2022 жылы «Акушерлік және гинекология» мамандығы бойынша резидентураның 108 білім беру грантына, «Педиатрия», «Неонатология», «Балалар хирургиясы», «Балалар онкогематологиясы» мамандықтары бойынша 292 грантқа мемлекеттік тапсырыс бөлді. Өңірлерге 290 жас түлек, оның ішінде 198 балалар дәрігері, 92 акушер-гинеколог бөлінді.

Ол балалар өліміне әсер ететін факторлардың қатарында патронаттық бақылаудың тиімділігін атады.

«Ел бойынша балаларды әмбебап патронаждық пакетпен қамту 86%-ды құрайды, олардың тек 17%-ы прогрессивті бақылауға жатады, бұл жүргізілетін патронаждар сапасының төмендігін көрсетеді. Халықаралық талаптарға сәйкес прогрессивті пакеттегі балалар саны кемінде 30%-ды құрауы тиіс», - деп атап өтті В. Дудник.

Балалар денсаулығын сақтау ісіндегі жетістіктер туралы айта келе, вице-министр неонатологиядағы жоғары мамандандырылған көмекті дамытудың жоғары деңгейін атап өтті.

Осылайша, дене салмағы өте төмен балалардың өмір сүру деңгейі 4 есе өсті; нәресте өлімі 1,7 есе, балалар өлімі 1,6 есе төмендеді, неонаталдық хирургияның және осы технологиялардың өңірлерге трансфертінің  дамуымен туа біткен ақаулары бар жаңа туған нәрестелердің өмір сүру деңгейі 86%-ды құрады.

Инфрақұрылымның тозуын және перзентханалар мен балалар стационарларының техникалық жабдықталуының жеткіліксіздігін ескере отырып, 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықаралық стандарттар бойынша 11 перинаталдық орталық салу мәселесі пысықталуда.

Жол-көлік оқиғаларынан болатын  өлім-жітім көрсеткішінің 19%-ға өсуі үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Ол  Жетісу, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында аса жоғары. В. Дудниктің айтуынша, бұл көрсеткішке әсер ететін факторлардың бірі – травматологтармен қамтамасыз ету, 6 облыста мұндай бейіндегі мамандар іс жүзінде жоқ, сондықтан осы бағытта медициналық көмек көрсету тиісінше зардап шегеді.

Вице-министр сондай-ақ республика бойынша өлім-жітім 2021 жылғы 18%-дан өткен жылы 15%-ға дейін төмендеген инсульт және жіті инфарктпен ауыратын пациенттерге уақтылы медициналық көмек көрсету мәселесіне назар аударды.

«Мұндай пациенттердің жоғары өлім-жітімінің себебі қосалқы ауруларына  және кеш емделуге байланысты болып қалады, сондай-ақ тромболитикалық терапия да жеткіліксіз қолданылады. ҚР бойынша диспансерлік есепке алынған адамдардың саны небәрі 69%-ды құрады, 2021 жылы 84%-ға қарсы, бұл ретте инсульт алған барлық пациенттердің 100%-ы диспансерлік есепке алуға жатады», - деді министрдің орынбасары.

Өз сөзінің соңында В. Дудник 2023 жылға жоспарланған жұмыстың бірнеше негізгі бағыттарын атап өтті, соның ішінде МСАК, жедел жәрдем жұмысын жетілдіру, ҚАЖ мекемелерінің сотталған тұлғаларына медициналық көмек көрсету, бірқатар жол карталарын іске асыру, жаңа стандарттар әзірлеу және клиникалық хаттамаларды енгізу, СӨС дағдыларын қалыптастыру және басқа жобалар.