Диалогтік алаң әлемнің 30 елінің спикерлерін біріктірді. Олардың ішінде Әзірбайжан, Италия, Катар, Моңғолия, Пәкістан, Палестина, Ресей, Өзбекстан, Украина, Оңтүстік Африка Республикасы және Шығыс Еуропа, Оңтүстік Азия мен Батыс Африканың өзге де мемлекеттері бар. Қатысушыларды Түркия Президенті Режеп Ердоған және түрік бас омбудсмені Шериф Малкоч қарсы алды.

Конференция аясында Қазақстан Уәкілі Түркия, Ресей Федерациясы және басқа да бірқатар елдердің омбудсмендерімен екіжақты келіссөздер мен консультативтік кездесулер өткізді. Онда құқық қорғаушы құндылықтарын ілгерілету саласындағы өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Панельдік талқылау барысында Қазақстан Омбудсмені шетелдік әріптестеріне еліміздегі адам құқықтары саласындағы жағдай мен ұлттық құқық қорғаушы институттың қызметі туралы баяндады. Азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және осындай бұзушылықтардың алдын алу бойынша жаңа мүмкіндіктерді айқындайтын «Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл туралы» және «Конституциялық Сот туралы» Конституциялық заңдар қабылданған конституциялық реформа туралы толығырақ айтып берді.

Сонымен қатар, қоғамнан уақытша оқшауланған жерлерде адам құқықтарын бұзудың алдын алу бойынша қабылданып жатқан жоғары технологиялық шешімдерге назар аударды. Атап айтқанда, жабық мекемелерді үздіксіз бейнебақылау жүйесімен толықтай қамту, мекеме әкімшілігінің бақылауынан тыс қадағалау органдарына өтініштер беру үшін электрондық терминалдарды енгізу, онлайн сот отырыстары, адвокаттармен, ҰАТ қатысушыларымен және туыстарымен онлайн кездесулер, сондай-ақ қашықтықтан пробациялық бақылау құралдары туралы сөз болды.

«Сондай-ақ, одан әрі цифрландыру шеңберінде бас бостандығынан айыру орындарында электрондық үкіметтің қызметтері кезең-кезеңімен енгізілетін болады», - деп Артур Ластаев жоспарларымен бөлісті.

Уәкіл жан-жақты форматтағы, оның ішінде Түркі мемлекеттері омбудсмендерінің қауымдастығы аясындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ құқық қорғаушы қызметі жайлы пікір алмасуға және озық тәжірибемен бөлісуге ашықтығын білдірді.