Вице-премьер Алтай Көлгінов ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған жобаның алғашқы қатысушыларымен кездесті. «Ауыл аманаты» бағдарламасына Ақтөбе облысындағы 24 ауылдық округтің 43 мыңға жуық тұрғыны қатысады. Бұл құс шаруашылығы бағыты бойынша 2 200-ге жуық жобаны, өсімдік шаруашылығы бойынша 342, шағын бизнес саласында 224, кооперативтерді жарақтандыруды көздейтін 24 жобаны және т. б. іске асыруға мүмкіндік береді.

Ақтөбе облысы әкімдігінің деректеріне сәйкес, бағдарламаны іске асыру жұмыссыздар санын 41,4%-ға, атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын 49,3%-ға қысқартуға мүмкіндік береді. Отбасының орташа табысы 192%-ға артады.

Алтай Көлгінов Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылдан бастап ауыл халқының табысын арттыру жобасы өңірлердің ерекшелігі мен әлеуметтік-экономикалық дамуын ескере отырып, бүкіл ел аумағын қамтитынын атап өтті. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 50 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бағдарламаға қатысатын ауыл тұрғындары жылдық 2,5% жеңілдікпен шағын несие ала алады.

Алтай Көлгінов «Ауыл аманаты» жобасы аясында өтінімдерді қабылдау, және оқыту орталығының жұмыс барысымен танысты.

Сонымен қатар ел өңірлерінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту», «Жайлы мектеп» ұлттық жобаларын іске асыру басталды. 

Вице-премьер Алтай Көлгінов Хромтау аудандық ауруханасында болды. Аталған аурухана базасында Ұлттық жоба аясында ауданаралық орталық аудандық аурухана ашу жоспарлануда. Қазір аурухана 45 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді және Ақтөбеден 90 шақырым жерде орналасқан. Тері арқылы коронарлық араласулар орталығын, инсульт орталығын, 2-деңгейлі травматологиялық және хирургиялық көмек көрсететін бөлімшелерді ауданаралық орталық ауруханада ашу медициналық қызмет көрсету сапасын едәуір жақсартуға және олардың санын кеңейтуге, халықты екі есе қамтуға мүмкіндік береді. Осылайша, жақын маңдағы аудандардың тұрғындарына медициналық көмек қолжетімді болмақ. 

Жиынға Атырау, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары әкімдерінің орынбасарлары, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, оқу-ағарту, ауыл шаруашылығы, мәдениет және спорт, ұлттық экономика вице-министрлері және т.б. қатысты.

«Біздің алдымызда халықтың әл-ауқатын арттыру міндеті тұр. Бірқатар өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл халқының табысын арттыру жобасын іске асыру басталды. Биыл «Ауыл аманаты» жобасы еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылатын болады. Бұл жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға, жергілікті өнімдерді шығаруға, АӘК алушылар санын қысқартуға, жалпы ауылдар мен өңірлердің тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді», — деді Алтай Көлгінов. 

Сонымен қатар балалардың сапалы білім алуы үшін инфрақұрылым салу қажет, тұрғындар үшін медициналық қызметтер қолжетімді болуы тиіс. 

«Биыл өңірлер 300 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін нысан, 221 жайлы мектеп салуға кірісуі қажет. Өңірлердің әкімдіктері құрылысты уақытылы бастап, салынып жатқан объектілердің сапасын бақылауға, жобаларды іске асыруға үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Сұраныс қатаң болады. Жетекшілік ететін орынбасарлар жеке жауап береді. Бұл әлеуметтік нысандар өңірлерге, ауыл тұрғындарына қажет», — деді Алтай Көлгінов. 

Бұған дейін вице-премьер Жамбыл облысында болып, онда Алматы, Түркістан, Жетісу облыстарының әкімдіктерінің алдына ұлттық жобаларды сапалы іске асыру бойынша міндеттер қойған болатын.