Жиынға қатысушылар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидаты бойынша жаңа тарифтік саясатты енгізу мәселелерін талқылады.

 «Инвестициялар негізгі мақсатқа, яғни желілердің тозуын төмендетуге бағытталуы тиіс. Бұл таяу болашақта апаттар қаупін болдырмауға және тұтынушыларды сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті министр.

ҰЭМ басшысы коммуналдық қызметтерге тарифтердің өсуі бір мезетте емес, әр өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, кезең-кезеңмен жүргізілетінін атап өтті.

 Сондай-ақ, ол 2022 жылғы 30 желтоқсанда қабылданған «Табиғи монополиялар туралы» ҚР Заңына енгізілген түзетулерді түсіндірді. Құжат табиғи монополиялар саласындағы мәселелерді шешуге бағытталған. Бұл шаралар монополиялық ұйымдар қызметкерлерінің жалақысын арттыруға, жөндеу жұмыстарын ұлғайту арқылы коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға және иесіз желілерді күтіп ұстауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өз кезегінде, облыс әкімдерінің орынбасарлары табиғи монополиялар саласын жетілдіру, ТМС үшін салық ставкаларын өзгерту, инженерлік желілерді жөндеу жұмыстары бойынша ұсыныстарын айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша Әлібек Қуантыров «Тарифті инвестицияға айырбастау» тұжырымдамасын сапалы және уақтылы орындау жөнінде нақты тапсырмалар берді. Табиғи монополияларды реттеу комитетіне 2023 жылға қойылған міндеттерді іске асыру бойынша алқа өткізу тапсырылды.