Елімізде көп пәтерлі тұрғын үй қорын басқарудың жаңа тәсіліне көшіруге байланысты жұмыс жоспарлы түрде жалғасып келеді. Осы жылы (20-шы қаңтардағы жағдайға сәйкес) басқарудың тың тетігіне 45 148 көп пәтерлі тұрғын үй (97,1%) көшірілді. Демек қазір республиканың 3 өңірінде 1 366 (2,9%)  көп пәтерлі тұрғын үйді жоғарыда аталған басқарудың формасына көшіру ғана қалды.

Осы басқарудың жаңа түрлерін енгізуге арналған реформаны жетілдіру мақсатында таяуда түзетулер пакеті әзірленіп, соған сәйкес жиналысты өткізудің кейбір функцияларын беру арқылы Тұрғын үй кеңесінің өкілеттіктерін күшейту, қаржылық мәселелер бойынша шешімдер қабылдау кезінде жиналыс кворумын азайту (жалпы жиналыстың 2/3-тен 51%-ға дейін) және жазбаша сауалнама мерзімін екі айға дейін ұзарту қарастырылады.

Бұдан басқа көп пәтерлі тұрғын үйлерді басқару түрлері бойынша градациялауды енгізу ұсынылып отыр. Атап айтқанда, тікелей бірлескен басқару (ТББ) - 16 пәтерге дейін, қарапайым серіктестік (ҚС) – 30 пәтерге дейін және мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) – 30-дан артық пәтерге дейін.