Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығында егіс алқаптарының 23,2 млн гектарға дейін өсім көзделіп отыр. Бұл дәнді және бұршақты дақылдарға, қант қызылшасына, сондай-ақ көкөніс және бақша дақылдарына әсер етеді.
Сонымен қатар, мақта сияқты ылғал көп қажет ететін дақылдар аз егіледі. Биыл оның ауданы 13,8 мың гектарға қысқарып, 112,5 мың гектарды құрайтын болады. Алайда күрішті 97,7 мың гектарға егу жоспарланып отыр, бұл өткен жылғы көрсеткіштерден 9,9 мың гектарға артық.
Көктемгі науқанды қаржыландыру «Кең-дала» бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Бағдарламаға 140 млрд теңге қарастырылған, қаржы 3200 тауар өндірушіге бөлінеді. Сондай-ақ Азық-түлік корпорациясы арқылы форвардтық сатып алу бағдарламасы жалғасатын болады.
Мал шаруашылығында негізгі міндеттердің бірі - ауыл шаруашылығы жануарларын азықпен қамтамасыз ету болып табылады. Жемшөп өндірісін дамыту жөніндегі жол картасы шеңберінде өсірілетін көпжылдық және біржылдық шөптердің, сондай-ақ сүрлем дақылдарының тізбесі кеңейтіледі, өнімділігі төмен жемшөптер неғұрлым өнімді және қоректік дақылдармен ауыстырылатын болады.
Ауыл шаруашылығы жануарларының өсірілетін тұқымдарының генетикалық әлеуетінің деңгейін арттыру және селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты жетілдіру міндеті тұр. Осы міндеттерге қол жеткізу үшін өткен жылы асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша заңнамалық актілерге түзетулер енгізілген заң қабылданды.
Ветеринария жүйесін реформалау жалғастырылды. Ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралардың жүргізілуіне толық сенімді бақылау қамтамасыз етіледі. Ол үшін «VET-MOBILE» жаңа мобильді қосымшасы енгізілді, ол интернетсіз офлайн режимде жұмыс істейді. Әрі барлық жүргізілген манипуляциялардың нақты геолокациясын көрсете отырып, ауыл шаруашылығы жануарларын есепке қою, есептен шығару, вакцинация, диагностика бойынша деректерді енгізу бойынша жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік береді.
«Агроөнеркәсіптік кешеннің отандық өнімін өткізудің жаңа нарықтарын ашу және экспортты дамыту үшін ветеринариялық және фитосанитариялық қызметтер жеткізушілердің шетелдік тізілімдеріндегі қазақстандық кәсіпорындардың тізбесін кеңейту үшін қажетті талаптарды келісу бойынша жоспарлы жұмыс арқылы импорттаушы елдер қоятын әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталатын болады», - деді министр.
Сондай-ақ министр ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселесіне ерекше назар аударды. 2023 жылы республика бойынша қуаттылығы жылына 50 мың тонна болатын 7 ет өңдеу кәсіпорнын іске қосу жоспарланып отыр.
Бұдан басқа, жалпы қуаттылығы жылына 25 мың тонна сүт болатын 5 сүт зауытын жаңғырту жоспарланған. Өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында тағы 5 жоба іске қосылады. Сондай-ақ, бес жылдық кезеңге арналған қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды одан әрі іске асыру көзделіп отыр.
Биыл микрокредит беру есебінен ауыл шаруашылығы кооперациясын белсенді дамыту арқылы ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны іске асыру басталды. Жеті жыл ішінде осы мақсатқа 1,0 трлн. теңгені бағыттай отырып, 350 мыңнан астам жұмыс орнын құрып, милионнан астам ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және барлық жеке қосалқы шаруашылықтардың жартысын кооперативтік кәсіпкерлікке тарту жоспарланып отыр. 2023 жылы жобаны іске асыруға әкімдіктерге 11 мың микрокредит беру жоспарымен және 12 мыңнан астам жұмыс орнын құру үшін 52,4 млрд. теңге бөлінді.
Сонымен қатар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы Агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларды қаржыландыру бойынша Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі таратылатын болады.
«Қаржыландырудың алдын ала сомасы шамамен 400 млрд. теңгені құрайды, ол құс етін, сүтті өндіру жөніндегі инвестциялық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ көкөністерді өндіру үшін суару жобаларын және осы көкөністерді сақтау жөніндегі инфрақұрылымды іске асыруға бағытталатын болады. Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруда оң нәтиже береді және жаңа жұмыс орындарын құру есебінен ауыл халқының табысын арттыруға мүмкіндік береді», - деп толықтырды Ербол Қарашөкеев.
Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату шеңберінде шамамен 178 инвестициялық жобаны, оның ішінде 105 тауарлы сүт фермасын, 28 көкөніс сақтау орнын, 12 құс фабрикасын және суару бойынша 17 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.