Іс-шараға орталық мемлекеттік органдардың, Ұлттық Банктің, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, Жоғары аудиторлық палатаның, Экономикалық зерттеулер институтының және ХВҚ өкілдері қатысты.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылап, ХВҚ миссиясының жұмысын бастады. Техникалық көмек шеңберінде шетелдік сарапшылар бюджет-салық саласының ашықтық деңгейін бағалайтын болады. Атап айтқанда, бюджеттік есептілікті, салық-бюджеттік болжамдарды және бюджетті қалыптастыру, бюджеттік тәуекелдерді талдау мен басқаруды, сондай-ақ табиғи ресурстардан түсетін түсімдерді басқаруды зерделеу жоспарлануда.
Ұлттық экономика вице-министрі А.Әмрин атап өткендей, ХВҚ-ның бағалау қорытындылары бойынша ұсынымдары бюджет-салық саясатын одан әрі жетілдіру шеңберінде, оның ішінде жаңа Бюджет және Салық кодекстерін әзірлеу кезінде пайдаланылатын болады.
Халықаралық валюта қорының миссиясы 6 ақпанға дейін жалғасады. ХВҚ сарапшылары ҚР Парламенті Сенатының депутаттарымен, орталық мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізеді.