Әділет министрлігі Digital Justice жобалар портфелі шеңберінде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік қызметтердің смартфондар арқылы қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізуде.

Әділет министрлігі Halyk Bank-пен бірлесіп Halyk Homebank мобильдік қосымшасы арқылы неке қиюды тіркеуге өтініш беру бойынша сервисін іске қосты.

Halyk Homebank мобильдік қосымшасы арқылы қызметті алу үшін «Мемқызметтер» бөлімінде өтінішті толтырып, мемлекеттік баж (1 АЕК – 3 450 теңге) төлеуі және екінші қызмет алушы 48 сағат ішінде өтінімді растауы қажет.

15 күнтізбелік күн өткеннен кейін АХАТ органдары жас жұбайлардың қатысуымен неке қиюды тіркейді. Бұл мерзім бұрын 1 айды құраған.