Ғылыми орталықтың елімізде аналогы жоқ, ол Германия, Италия, Ресей, Қытай, Жапония елдерінен жинақталған 65 заманауи құрал-жабдығымен қамтамасыз етілген.

Орталық бес бөлімнен тұрады: химиялық лаборатория, реставрациялық бөлім, түптеу және карантин бөлімі, ғылыми-зерттеу, фотофиксация бөлімдері. Аталмыш бөлімдерде қағаз және өзге де материалдардың құрылымына, сия ерекшеліктеріне химиялық-микробиологиялық зерттеу жүргізу, кітаптар мен құжаттарды сақтауға арналған қышқылсыз картоннан жасалған микроклиматтық қораптарды жасау жұмыстары жүргізіледі.

Іс-шарада министр Саясат Нұрбек орталықтың маңыздылығы мен ғылым саласына қосар үлесін атап өтті.

«Кез-келген дамыған қоғамның басым бағыттарының бірі – білімді сақтап қалу. Бүгін Қазақстанда бірінші рет толық циклды, яғни кітапты өңдеп, тазалап, бес деңгейден өткізіп, мұқабасына дейін жасап шығаратын орталық ашылып отыр. Бұл орталықтың ғылым-білім саласына қосар үлесі зор. Сонымен қатар қазіргі таңда кадр дайындау мәселелерін де қарастырып жатырмыз», - деді министр өз сөзінде.