«Жыл басынан бері буллингтің алдын алу бойынша жаңа ережелермен жұмыс істеу және оны тәжірибеге енгізу жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмысы басталды. Қазір Астана қаласының, Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының психологтарымен, әдіскерлерімен, әлеуметтік педагогтерімен, директорларымен, тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларымен және ата-аналар қоғамымен онлайн кездесулер өтіп жатыр», - деп бөлісті Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің Балаларға құқықтық және психологиялық- педагогикалық қолдау көрсету басқармасының бас сарапшысы Жібек Нұржан.

Өткен жылдың соңында балаларды жәбірлеудің (буллинг) алдын алу ережелері қабылданды. Онда білім алушылардың психологиялық жағдайын нығайту үшін мамандардың балалармен, ата-ана және мұғалімдермен жұмыс істеу алгоритмдері көрсетілген. Бүгінгі таңда екі мыңнан астам вебинарға қатысушыға ережелерді пайдалану бойынша әдістемелік ұсынымдар берілді.  Жоспар бойынша түсіндіру жұмысы жеті мыңнан астам мектеп пен колледж, оның ішінде ауылдық мектептерге жүргізіледі.