«Балаларының қауіпсіздігіне алаңдамайтын отбасы жоқ. Мектептің ішінде де қауіптің барын көріп отырмыз. Сондықтан бұл мәселені қайта қарап, оқу орындарына тексеру жүргізу қажет. Бейнекамералардың санын көбейтіп, мектепке кіреберіс жерлерде бақылауды күшейту мәселесін қарау керек», – деді Премьер-Министр. 

Бұл ретте Үкімет басшысы Ішкі істер министрлігіне балалардың қауіпсіздігін арттыру бойынша келісілген ұсыныстар енгізуді, Денсаулық сақтау министрлігіне зардап шеккен балаларды емдеуді ерекше бақылауға алуды, Оқу-ағарту министрлігіне Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, қауіпсіздік сабақтарын әзірлеуді тапсырды.