Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың амандығын және қауіпсіздігін сақтау басты міндет әрі қастерлі парыз екенін айтып, академияның рөліне тоқталды.

– Бұл – ең алдымен, құтқарушы мамандарға жүктелетін зор сенім, үлкен жауапкершілік. Құтқару қызметі – өте маңызды сала. Соңғы кезде жер жүзінде төтенше оқиғалар жиілеп барады. Жұртымыз мұндай қауіп-қатерге әрдайым дайын болуы керек. Сондықтан осы салада қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегі еліміз үшін өте маңызды. Академия – еліміздегі кәсіби құтқарушыларды даярлайтын бірден-бір оқу орны. Оны ширек ғасыр ішінде 6 мыңға жуық маман бітіріп шықты. Академия түлектері барлық облыста еңбек етіп жүр. Олар Отан алдындағы борышын адал атқарып келеді. Халқымызда «Апат айтып келмейді» деген сөз бар. Күзде еліміздің бірнеше аймағы алапат өрттен зардап шекті. Сын сағатта тұрғындарға алдымен құтқарушылар көмекке келді, – деді Мемлекет басшысы.

Жақында Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен кейін Президенттің тапсырмасымен бауырлас елге құтқарушылар мен дәрігерлер жіберілді.

– Олардың арасында Ақмола облысының мамандары да бар, яғни 18 адам. Біздің құтқарушылар бірнеше адамды аман алып шықты. Түркияда күндіз-түні жұмыс істеп жатқан азаматтарымызға алғыс айтамын! Түркиядан аман-есен оралған соң оларды міндетті түрде марапаттайтын боламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Құтқарушының жұмысы қиын әрі қатерлі екенін айтқан Мемлекет басшысы еңбектің бұл түрін нағыз ержүрек азаматтардың кәсібі деп бағалады.

– Төтенше жағдай мамандары жұмыс барысында талай рет ерлік көрсетті. Басқа адамдардың өміріне араша түсіп, қаза тапқан құтқарушылар аз емес. Олардың қатарында осы академияның түлегі Асқар Забикулин де бар. «Ер есімі – ел есінде». Батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмауға тиіс, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қорғаныс жүйесі тұрақты жаңғыртуды қажет ететінін, озық әлемдік тәжірибені қабылдап, заманауи технологияларды енгізу өте маңызды екенін айтты. Президенттің пікірінше, құтқарушыларды сапалы дайындауға ерекше назар аудару керек. Мемлекет басшысы бұл мәселеде командирлер мен ұстаздар басты рөл атқаратынын атап өтіп, өзінің тапсырмасымен Үкімет академияның материалдық-техникалық базасын нығайтуға күш салып жатқанына және жатақхана мен оқу корпусын салу жоспарланып отырғанына тоқталды. Мемлекет тарапынан құтқарушылардың еңбекақысын көтеріп, әлеуметтік қамтамасыз етуді жақсарту үшін жүйелі шаралар қолға алынып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында академия түлектері халқымыздың амандығы үшін қызмет ете беретініне сенім білдіріп, оларға табыс тіледі.

Айта кететін жайт, Президенттің тапсырмасына сәйкес биылдан бастап құтқарушылардың еңбекақысы 10-нан 70 пайызға дейін көтеріледі.

Бұл академия жыл сайын 150-ден астам офицер даярлап шығарады. 2021 жылы ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредитациядан өткен. Үкіметаралық келісімдер аясында академияда Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтарының білім алуына квота бөлінген.

 Мемлекет басшысы академияның төтенше жағдайларға арналған техникаларымен, оқу-жаттығу жабдықтарымен танысты. Оқу орнының мамандары курсанттарды практикалық тұрғыдан машықтандыру үшін арнайы құрылғылар ойлап тапқан. Сол арқылы нысандардың өртке қарсы қауіпсіздік жағдайын және өрттен кейінгі ахуалын 3D моделімен айқындайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев оқу орнының материалдық-техникалық базасы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі қажет екенін ерекше атап өтті.