«Бұл да қазақ өнерінің жоғары сұранысқа ие екенін көрсететін дәлел», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметі алаңында. 


Оның айтуынша, ерекше көңіл бөліп өткізетін жобалардың бірі «Арман асулары» республикалық фестивалі. 


«Былтыр жоба мүмкіндігі шектеулі дарынды балалар арасында таланттарды анықтау, шығармашылық қабілеттерін арттыру мен дамытуға қажетті жағдай жасап, «Қазақконцерттің» танымал өнер жұлдыздарымен бірге өнер көрсету мақсатымен өткізілді. Биыл да, біз осы «Арман асулары» фестивалін жалғастырғалы отырмыз.  Күзде жас таланттарымызды күтеміз», - деді спикер.


Сонымен қатар «Ұлыларға тағзым» жобасы аясында көрнекті жазушылар Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтің, композиторлар Ғазиза Жұбанованың, Еркеғали Рахмадиевтің, жезтаңдай әншілер Күләш Байсейітованың, Роза Бағланованың,  профессор Ақселеу Сейдімбектің мерейтойларына орай арнайы мерекелік іс-шаралар көрермендер назарына ұсынылған болатын.


«Биыл да осы жоба аясында белгілі күйші, композитор Ықылас Дүкенұлының, халық композиторы, әнші, ақын, Ақан Сері Қорамсаұлының, әлемге танымал атақты әнші Әміре Қашаубаевтың, мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің шығармашылықтарына арналған іс-шаралар ұйымдастырылады», - деді А. Райымқұлова. 


Сондай-ақ замандастарымыз Қазақстанның халық әртістері Алтынбек Қоразбаевтың, «Қазақстанның Еңбек ерлері» Айман Мұсаходжаеваның, Роза Рымбаеваның, композитор, Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткерлері Төлеген Мұхамеджанов пен Еркеш Шакеевтің шығармашылықтарына арналған жеке концерттері де ұйымдастырылады.