Мектепке дейінгі білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі мақсаты – сапалы білім беру қызметтеріне қол жеткізуді ұсыну. Қазақ тілінде оқытатын мектепке дейінгі ұйімдар ашу басым бағыт болып табылады. Республикада қазақ тілінде оқытатын 70% жуық мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс істейді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаева хабарлады.
«2022 жылдан бастап тәрбие-білім беру процесіне барлық жас топтарында қазақ тілін үйрену бойынша талаптар енгізілді. Педагог күні бойы үлгілік бағдарламада айқындалған сөздік минимумын қолданады және үйретеді, балалардың ауызша сөйлеуін дамытады, белсенді сөздікті байытады, қарым-қатынас мәдениетіне баулиды, сондай-ақ қазақ халқының мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен таныстырады», - деді ведомство өкілі.