Талдықорған әуежайында Үкімет басшысына Талдықорған – Қалбатау – Өскемен, Үшарал – Достық, Сарыөзек – Көктал, Лепсі – Балқаш автожолдарын және Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңарту, сондай-ақ облыстың Алакөл ауданында транзиттік инфрақұрылымды дамыту туралы баяндама ұсынылды.

Әлихан Смайылов қабылданып жатқан шаралар мен қалыптасып отырған сыртқы экономикалық ахуалдың нәтижесінде Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы маңызды құрлық дәлізіне және әлемдік маңызы бар көлік-транзиттік тораптардың біріне айналатынын атап өтті.

«Облыста транзиттік әлеуетті дамыту үшін барлық ресурстар бар. Оның аумағында “Достық” және “Нұр жолы” екі халықаралық өткізу пункті, “Достық” және “Алтынкөл” шекаралық теміржол стансалары орналасқан, халықаралық транзиттік маршруттар өтеді. Өңірдің барлық мүмкіндіктерін көлік-логистикалық салаға тарту қажет», деді ол.

Үкімет басшысы бұл бағытта Достық – Мойынты т/ж учаскесінде екінші жолдардың құрылысы уақтылы басталғанын атап өтті, өйткені Қытайдың шектеулерді алып тастауы аясында Еуропаға жүк тасымалдау қарқынды өсуде.

«Біз бұған дайын болуымыз керек»,  деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр сонымен қатар Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңартуды аяқтаудың маңыздылығын атап өтті, соның арқасында үлкен фюзеляжы бар әуе кемелерін қабылдау мүмкіндігі пайда болды. Оның айтуынша, жүргізіліп жатқан автожолдарды жаңғырту және қосымша пойыздарды іске қосумен бірге, бұл Алакөл және Балқаш көлдерінің туристік аймақтарын дамытуға айтарлықтай әсер етеді.

Әлихан Смайылов жалпы көлік саласында заманауи инфрақұрылымды құру үшін Үкімет ірі халықаралық серіктестерді тартатынын айтты. Атап айтқанда, «Достық» станциясында көпфункционалды жүк тасымалдау терминалы салынды. Жалпы жүк айналымы жылына 1 млн тоннадан астам, инвестиция сомасы 3 млрд теңгені құрайтын қойма қуатын енгізу жоспарланған. Сондай-ақ 500-1000 бірлікке арналған еурофур жеке паркін қалыптастыру жоспарлануда. Бастапқы кезеңде мұнда инвестициялардың жалпы көлемі 5 млрд теңгеден асады.

Бұдан әрі Премьер-Министр бірнеше жыл бұрын ауқымды жаңғыртудан өткен Көксу қант зауытына барды. Кәсіпорында жоғары сапалы шетелдік жабдықтар орнатылды, жылумен жабдықтау газға ауыстырылды және жаңа техника сатып алынды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша зауыт 70 мың тоннаға жуық қант шығарды, 2023 жылға арналған жоспар – 92 мың тонна.

Әлихан Смайылов мемлекет ақ қант өндірушілеріне, оның ішінде «айналым схемасы» шеңберінде бұрын-соңды болмаған қолдау шараларын көрсетіп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ қант қызылшасының егіс алқаптарын 15 мың гектарға дейін кезең-кезеңімен ұлғайтуды көздейтін Қант саласын дамытудың кешенді жоспары қабылданды, атап айтқанда, Жетісу облысында 2026 жылға қарай жалпы жиналған өнім шамамен 525 мың тоннаны құрайтын болады.

«Осыған байланысты жаңа алқаптарды өңдеп, суармалы жерлерді қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдау маңызды. Сумен қамтамасыз ету бөлігінде су шаруашылығы объектілерін реконструкциялау жөніндегі шаралар көзделген. Қант зауыттары да жаңғыртылып, 2026 жылға қарай өндірілетін ақ қант көлемін 180 мың тоннаға дейін жеткізу қажет», — деді ол.

Мұнда Үкімет басшысы өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесу өткізді, онда субсидиялау, жер алқаптарының қолжетімділігі, басқа да қолдау шараларын ұсыну және т. б. мәселелер көтерілді.

Әлихан Смайылов Ауыл шаруашылығы министрлігіне көтерілген проблемаларды талдау және оларды шешу бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырып, өткен жылы мемлекет саланы қаржыландыруды екі есеге арттырғанын және осы көлемді ағымдағы жылы да сақтап қалғанын айтты.

Премьер-Министр сапар аясында «Каримов» ЖК сүт-тауар фермасының қызметімен танысты, ол 2022 жылы жергілікті сүт өңдеу зауыттарының жүктемесін қамтамасыз ету және сүт өнімдерінің импортын азайту үшін айтарлықтай кеңейтілді. Қазір кәсіпорында 900-ге жуық ірі қара мал басы бар.

Шаруашылық басшысы Рахым Кәрімов Үкімет басшысына өндірістің шығындарын азайту және оның өнімділігін арттыру үшін шағын және орта отбасылық фермаларға қатысты қолдау шараларын кеңейту мүмкіндігін қарастыру туралы өтінішін білдірді.

«Мәселені шешудің бірден бір жолы ауыл шаруашылығы кооперациясының мүмкіндіктерін пайдалану болуы мүмкін. Қазір бұл бағытқа мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлінуде. Егер екі-үш шаруа қожалығы күш біріктіруді ұйғарса, олардың өндіріс шығындары төмендеп, пайда үлесі артады. Бұл ретте ірілендіру есебінен осы АӨК субъектісін инвестициялық субсидиялаумен қамту мүмкіндігі пайда болады»,  деп жауап берді Әлихан Смайылов.

Жалпы, Премьер-Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда сүт бағытын мемлекеттік қолдау шаралары саланы айтарлықтай технологиялық жаңғыртуға мүмкіндік берді. Тек соңғы бес жылда сүт шаруашылығын қолдауға 82 млрд теңге бағытталды.

«Биыл бүкіл республика бойынша Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату жоспарлануда, онда қысқа мерзім ішінде сүт-тауар фермаларын құру бойынша 21 жоба іске асырылды. Бұл жұмысты ерекше бақылауға алу қажет», — деді Әлихан Смайылов.