«Әскери қызмет еліміздің егемендігін сақтау негізі, ал жастарға тәрбие беру, оларды Отанды қорғауға даярлау тек мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, бірінші кезекте барлық қоғамның маңызды міндеті болып табылады. Әскери қызмет әрбір ер азаматтың заңмен белгіленген міндеті, ал оны өткеруден жалтару қылмыстық және әкімшілік жауаптылықты көздейді. Көп жағдайда, азаматтар әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату мәселесін шешу үшін әскерге шақыру комиссиясына еш қатысы жоқ, осы мәселені шешуге құзыретті емес алаяқтарға жүгінеді. Сондықтан, ақша талап ету, туындаған мәселені шешуді ұзаққа созу және басқа да сыбайлас жемқорлық көрінісі бар барлық жағдай бойынша жедел шара қабылдау және туындаған жағдай бойынша кеңес алу үшін Қорғаныс министрлігі мен құқық қорғау органдарының сенім телефондарына хабарласу қажет», – деді Артықов.

  
Спикер азаматтарды мерзімді қызметке әскерге шақыруды жүргізу жұмыстары барынша ашық форматта жүргізілетінін атап өтті. Яғни, әрбір адам қажетті ақпаратты алу үшін жүгіне алады және сұрақтарына толық жауап беріледі. Ол үшін әрбір Қорғаныс істері департаментінде «Қарулы Күштер – Адалдық алаңы» атты жобалық кеңсе жұмыс істейді, әлеуметтік желіде электрондық  пошталар мен ресми аккаунттар ашылған.