Ең алдымен, бұл мерзімді әскери қызмет сарбаздары қызмет өткергеннен кейін 2 жыл ішінде ЖОО-ға ҰБТ-сыз, конкурссыз оқуға түсу мүмкіндігі.

«Былтыр Қорғаныс министрі жоғары оқу орындарының басшылығымен бірқатар кездесулер өткізді. Мерзімді қызметтегі сарбаздар үшін 3 мың грант беретін еліміздің 41 ЖОО-мен меморандумдар жасалды. Әскери борышын өтеу кезінде үздік нәтиже көрсеткендер жоғары оқу орындарына тегін түсу мүмкіндігіне ие болады», – деді қорғаныс вице-министрі.

Сондай-ақ әскери кафедраларға конкурстан тыс түсу мүмкіндігі беріледі.

«Мерзімді әскери қызмет сарбаздарына тұтынушылық несиелерді, шағын қарыздарды төлеу бойынша төлемдерді 13 айға кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі: 12 ай әскерде болу мерзімі және сарбаз жұмысқа орналасып, несиелері бойынша төлемді жалғастыра алуына 1 ай. Бүгінгі таңда 3,5 мың әскери қызметші осы мүмкіндікті пайдаланды, 5 мыңға жуық несие бойынша төлемдер кейінге қалдырылды», – деді спикер.